Қарағандыда Юрий Пакқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды
Қарағандыда лаңкестік туралы жалған ақпарат бергені үшін 2 жылға қамалған Юрий Пакқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды. Атышулы істегі апелляциялық шағым қаралған отырыста қос тараптың да куәгерлерінен қайта жауап алынған. Екі жақтың уәжін тыңдаған сот алқасы лаңкестік жайлы жалған ақпаратты ақыры Юрий Пак хабарлаған деп тапты.
Автор: Саят Сабдалы
29.11.2016
Қорғаушылардың басты уәжі – жалған ақпар жеткізген қоңыраудың төтенше жағдайлар департаментіне тиесілі нөмірден түскені. Оны «Қазақтелком» мамандары да растады. Дегенмен, құтқарушылар мәселеге басқаша қарау керек дегенді алға тартады. Себебі, Пактың ұялы телефонынан түскен қоңырау ведомствоға тиісті нөмір арқылы 102-ге бағытталған екен.
Сергей Ким, адвокат :
-Аталған жүйенің барына сенеміз. Бірақ «Қазақтелеком» бұл телефонды 102- ге ресми түрде қоспаған. Демек, 102-ге бұл нөмір заңсыз қосылған. Айыптау шешімі департамент қызметкерінің сөзіне сүйеніп қана шығып отыр.
Қорғаушылар бомба туралы ақпаратты хабарлаған адамның дауысы Юрий Пакқа тиісті емесін айтқан. Бірақ прокуратура пікірінше, дауыс Пактікі. Себебі, 5 сараптаманың төртеуінің нәтижесі осыны дәлелдеп беріпті.
Әспенби Жарылғасов, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары:
-Сараптаманың қортындысын басты дәлел деп алсақ болады. Дауыстың Пакқа тиесілі екеніне ешқандай күмәніміз жоқ.
Қарағандыда 2015 жылдың 14-ші сәуірінде құтқарушыларға Орталық әмбебап дүкенінде бомба қойылғаны туралы қоңырау түскен. Дегенмен, 3 мыңнан аса адамды жапа-тармағай далаға қуған ақпарат жалған болып шықты. Кейін осы қылмысқа күдікті ретінде мектеп мұғалімі Юрий Пактың қолына кісен салынған болатын.
Прокуратура даулы іс төңірегінде әлеметтік желілердегі қызу пікірталасқа да құлақтарын түріп отырғанын жасырмады. Заңсыз қарсылық акциясына үндеу тастағандар жауапқа алынатынын да ескертеміз дейді. Ал үкіммен келіспеген Пактың қорғаушылары осы сот тергеуінде еленбегенді кассациялық, болмаса Жоғарғы сотта жария етеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!