Ақтаулық бойжеткен өзін мүгедек еткен дәрігерлердің жазалануын талап етті
Сот-медициналық және тәуелсіз сарапшылар қыздың Маңғыстау облыстық ауруханасының алты бірдей қызметкерінің салғырттығынан қыздың аяғынан айрылғанын растапты. Бірақ солай бола тұра, іс бір жылдан бері сотқа жетер емес.
Автор: Жанар Низамутдинова
29.11.2016
Осыдан екі жыл бұрын болған жол апатынан 26 жастағы Кристинаның сол аяғы мен жамбасы сынған. Тежегіш пен жылдамдықты шатастырған жүргізуші қызды тұрғын үйдің қабырғасына апарып соғыпты. Облыстық ауруханаға жеткізілген Кристинаға дәрігерлер жедел көмек көрсетіп, жарақатын таңғанымен, көк тамырға зақым келгенін білмеген. Осылайша уақыт өткізіп алып, ақыры аяқты кесуге тура келіпті.
Кристина Глембовская, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Олар маған тіпті хабарласқан емес, қылмыстық іс қозғалғанын да біледі. Олар үшін ештеңе болмаған секілді, бұрынғыша жайбарақат жүр.
Өмірін қор қылған дәрігерлерге қатысты Кристинаның арыз жазып, қылмыстық істің қозғалғанына жылдан астам уақыт өтіпті. Бірақ іс әлі күнге дейін сотқа жетер емес. Сондықтан тиісті органдар осылайша уақыт созып, кейін істі жауып тастай ма деп күдіктенеді жәбірленуші тарап.
Марина Каплан, адвокат:
-Іс тергеліп жатқан жоқ. Менің сұрақтарыма ресми түрде жауп берумен шектелетін қалалық прокуратура тергеушісінің іс-әрекетіне қарап,ол кінәлілерді жауапкершіліктен босата ма деген ой келеді.
Бірақ полицейлер адвокаттың бұл пікірімен келіспейді. Оларға сенсек, сараптама жасату үшін көп уақыт кетіпті. Айтуларынша, қызметтеріне салғырт қараған дәрігерлерге қатысты сот көпке ұзамай басталады екен.
Жәзира Әбіл, Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Бұл дерек бойынша, ҚР ҚК 317-ші бабының 2-ші бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама дайын. Жуық арада сотқа жолданады деп күтілуде.
Егер Кристинаны мүгедек еткен дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, үш жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!