Шымкентте депутатқа тиесілі компаниядан айлығын ала-алмай жүрген жұмысшылар шу шығарды
Шымкентте жергілікті депутатқа тиесілі компаниядан айлығын ала-алмай жүрген жұмысшылар шу шығарды. Көпқабатты үй салуға жалданған 18 адамның екі айға жуық еңбегін пайдаланған соң мердігер фирманың қожайыны әрі облыстық мәслихат депутаты ақша берілмейді деп шығарып салыпты. Алашақ 10 миллионынан қағылған жұмысшылар енді екі ай бойы еңбек еткен жерін жағалап, жалақыларын сұраумен жүр.
Автор: Бек Әбиев
29.11.2016
-Маған десе, министр болсын. Заңға қайшы істемесін. Біздің еңбекақымызды берсін.
Ұлардай шулаған бұл топ қыркүйектің 24-і күні көпқабатты үйдің іргетасын орнату үшін шұңқыр қазуға жалданып жұмыс бастаған. Екі шұңқырдың бірін дер кезінде тапсырып, екіншісін бітуге айналғанда жұмыс беруші «кет те кетке» басыпты. Әу баста әр он күн сайын ақша беріп отыруға уәделескен «Сити Строй» компаниясының басшысы, әрі облыстық мәслихат депутаты екі айдан бері жалақы беруден жалтарып келеді екен.
Шәріпбек Сахов, қосалқы мердігер компанияның басшысы:
-Ақша сұрап барғанымда «сен боссың» деп мені қуып шықты. Ал, біздің басшымыз депутат Әсет Қайыпбеков деген кісі. Неге бізге төлемейді? Міне, бір жарым айдан бері біз тиын ақша алған жоқпыз.
Жаңбыр мен қарға қарамай еңбек еткен азаматтар екі айдан бері қарызға батып, бала-шағаның бетіне қараудан қалдық деп отыр.
Мейірбек Паязов, тракторшы:
-Біздің нәпақымызды берсін. Менің 5 балам бар. Кредитім бар.
Ал жұмысшыларды зар қақсатып жүрген депутаттың өзі кездесуден бас тартты. Оның орнына сөйлеген бас инженері жұмысшылардың өзін кінәлайды. Айтуынша, мерзімінде бітіре алмағандықтан жұмысшылармен келісім-шартты бұзып, енді қалғанын өздері істеп жатыр екен.
Әбдіқадыр Таштаев, «Сити-Строй» компаниясының бас инженері:
-Міндетті орындамады уақытылы. Өйткені, 2 смендік жұмыс ұйымдастыру керек еді. Одан кейін бөлінген ақшаға қол қойылу керек. Содан кейін барып ақша біздің мекемеге түседі. Содан кейін айлық беріледі.
Яғни, келісім-шартпен жұмыс істеген азаматтар еңбекақысын алу үшін әлі талай қағазбастылықпен жүгіруі керек. Оның өзінде жұрт талап етіп отырған айлық түгел берілмейтінін мекеме басшылары кесіп айтты. Ал, жұмысшылар болса төккен маңдай тердің ақысын қалай да аламыз деп отыр. Басшы депутат заңды белден басты деген олар қазір облыстық мәслихаттан бастап, Президент Әкімшілігіне дейін шағым жазып төрелік сұрамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!