Ақтөбеде үйлері жаппай тоналған жұрт полицейлердің сылбырлығына наразылық білдірді
Ақтөбе іргесіндегі Қызылжар ауылының халқын ұрылар үрейде ұстап отыр. Айналдырған екі-үш айдың ішінде мұндағы үйлердің жартысын тонап кетіпті. Қарақшылар қолдарына іліккен бағалы деген заттарды қоймаған соң, тұрғындар үйлерінен аттап шыға алмай отыр. Тәртіп сақшыларына арызданғанмен, олар бұл жаққа әзір келер емес.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.12.2016
Аида Хайрулина – тапа-тал түсте тірнектеп жинаған дүниесінен айырылған Қызылжар ауылы тұрғындарының бірі. Базарға барып келем дегенше ұрылар үйінің астаң-кестеңін шығарыпты.
Аида Хайрулина, Қызылжар ауылының тұрғыны:
-Терезеден алып кеткен телевизорды. 1-2 сағатқа үйде болған жоқпыз. Арыз жазылды. Полиция келмеді.
Ұрылар бұл ауылдың жартысының үйін үптеп кеткен. Алғашқыда отызға тарта тұрғын тәртіп сақшыларына арызданады. Бірақ кейін оларынан түк шықпаған соң қалғандары қолдарын бір-ақ сілтеген. Өйткені полиция қызметкерлерінің ешбірі мұнда төбе көрсетпепті. Енді амалы таусылған халық үйлерінен аттап шығуға қорқып отыр.
Інжу Алпысбаева, Қызылжар ауылының тұрғыны:
- Телевизор демейді, пеш демейді. бәрін жым қылады. Оны ұстап жатқан адам жоқ. Іздеп келіп жатқан полиция жоқ. Тіптен масқара ғой. Айналайын халықты қорғау керек қой.
Қызылжарлықтар өздерінің учаскелік инспекторын танымайды да. Көрші ауылдағы бөлімшеде отыратын ол бұл жақты аралауға құлықсыз. Оны іздеп барғанымызда, біз де қызмет орнынан оны таба алмадық. Ауыл тұрғындары енді қарақшылардан қорғану үшін терезелерін темір тормен қоршап әлек. Бірақ әккі ұрыларға ол кедергі болмасы анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!