Алматыда пәтерлерін су басқан жұрт Байбектен көмек сұрады
Алматыда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көпқабатты үйлердің бірінде құбыр жарылып, 12 пәтерді су басып қалды. Төбелерінен тамшы сорғалай бастаған тұрғындар ұзақ уақыт бойы пәтер иелері кооперативінің жұмысшыларын таба алмаған. Соның салдарынан шатырдағы техникалық қабаттан аққан ыстық су 4-ші қабатқа дейін жетіпті. Қайта ешкім күйіп қалмаған. Бірақ жаңадан алынған техника істен шығып, жиһаздар бүлінді.
Автор: Олжас Байжан
02.12.2016
– «Инстаграмға» әкімге жібер. Тезірек!
Жас Қанат ықшамауданының тұрғындары күздің нөсер жауынынан аман өтіп, қыс басталғанда бос ыдыс-аяқты еденге қойып, төбеден аққан суды сүртумен өтеміз деп ойламағаны анық. Наурыз айында ғана қоныс тойын тойлағандар төбеде жарылған құбырдан келген шығынды камераға түсіруде.
-Ваннаның сиқы мынау. Су алып жатыр.
Басқа барар жері жоқ отбасылар кешеден бері бала-шағасымен бірге төбедегі тамшыны аңдумен жүр. Айына кемінде 40 мың теңге несие төлеуді мойындарына алып, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болғандар енді сол пәтердің төбесі ортасына түсе ме деп алаңдаулы.
Бақыт Ескендіров, Алматы қаласының тұрғыны:
–Бұл салғырттық. Суды ашып қойған, ол қатып қалған. Жарылған құбырды ешкім көрмейді, үстінде ешкім тұрмайды ғой. Төбеде 50 см су жиналған.
12 пәтердің тұрғындары осындай жанталасты бастан кешіруде. Олар апаттың салдары бұдан да сорақы болады ма деп өз беттерінше үйді электр жарығынан ажыратып тастаған. Ал пәтер иелері кооперативінің жұмысшыларын тапқанша су 9-дан бастап 4-ші қабатқа дейін жеткен. Енді жаңа үйдің барлық сылағы езіліп, едені мен төбесіндегі жабындылар жарамсыз болып жатыр.
Амантай Күнтубаев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Төбедегі гипсокартон езіліп, жерге түсіп жатыр. Ламинатты енді ғана төсеген едік, барлығы суланып, жарамсыз болып қалды. Жаңа жылда жаңа пәтерге кірейік деп едік, жоспар бұзылды. 1 жарым млн теңгенің құрылыс материалы бүлінді.
Апаттан кейін төбеге шығып көрген тұрғындар тіпті шошып отыр. Өйткені, бетонмен жабылды деп ойлап жүрген шатырға топырақ төсей салыпты.
-Цемент қоспаған. Бәрі халтура!
Ал «Алматы тұрғын үй» мекемесі құбырдың жарылуына құрылыс жұмыстарын жүргізген компанияны кінәлады. Ал кезінде өздері үйді қабылдап алғанда қайда қарағандары белгісіз.
Нұрхат Оразалиев, «Алматы тұрғын үй» ЖШС учаскесі бастығы:
–Вентельдің сапасы туралы ештеңе айта алмаймын. Жарылуы мүмкін емес еді. Екіншіден ол жердің барлығы теплоизоляция болуы керек еді, қатып қалды деген жағдайда. Құрылысшылардың кінәсі.
«Жас Қанат» ықшамауданындағы тағы бірнеше үйде осындай жағдай болып жатыр. Бірінде шатырда жиналған қар еріп, пәтерлерге ақса, екіншілері әлі күнге дейін көгілдір отын мен ыстық суға қосылмапты. Ал тұрғындар пәтер кілттерін наурыз айында алған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!