Каспийде улы зат тиелген ресейлік танкердің Ақтау портына шығып кетуі экологтарды шошытып отыр
Каспийде ресейлік танкердің зәкірі үзіліп, толқынмен Ақтау портының жағасына шығып кеткен. Қайраңға тұрып қалған жүк кемесінің бортына 140 тонна улы зат тиелген екен. Жергілікті билік көршілердің оны сүйреп шығаратын арнайы техникасын күтіп отыр.
Автор: Саят Сабдалы
02.12.2016
Ал экологтар 3 апта бойы жағада қисайып тұрған кемедегі мұнай қалдықтары теңізге төгіле ме деп қауіптенеді. Порттағылар қайраңда тұралаған танкерден әзірге еш жері тесілмегенін айтады. Бірақ, құтқару операциясы созылып, кеме осылай тұра берсе ішіндегі улы заттардың төгілуі қаупі барын жасырмайды. Өздері-ақ теңізге сүйреп шығарайын десе, басқа елдің мүлкіне жақындауға хұқықтары жоқ екен. Олар тек танкердегі экипаждың 6 мүшесіне ас суын жеткізіп қана жәрдемдесіп отыр.
Әділбек Қозыбақов, «Қолдау-Экология» мамандандырылған орталығының жетекшісі:
-Егер де мұнай қалдықтары, пайдаланылған майлар Каспий теңізіне құйылатын болса, сол жердің акваторийінің биологиялық алуан түрлілігіне айтарлықтай зиянын тигізеді. Құзырлы органдарға және төтенше жағдайлар органдарына бір үмітіміз бар. Ол жағдайды болдырмас үшін барынша атсалысуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!