Шымкентте көлігімен адам қаққан жігіт лауазымды туысының атын жамылып жазадан қашып жүр
Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін. Шымкентте көлігімен адам қаққан қала тұрғыны лауазымды туысының атын жамылып жазадан қашып жүр. Теңдік бермеген көлік иесі Шымкенттің бұрынғы әкімі Анарбек Ормановтың жиені дейді жәбірленушінің туыстары. Жарымжан болып қалған жігіттің өзі қазір хал үстінде жатыр. Ал аты аталған шенеунік шашасына шаң жұқтырар емес.
Автор: Бек Әбиев
05.12.2016
-Жол апаты қыркүйектің 20-сы күні мына жерде болған. Жүйткіген БМВ жүргізушісі алдындағы машинадан озбақшы болғанда рөлге ие бола алмай, жаяулар жолына шығып кетіпті. Ал, бұл кезде тротуарда 20 жастағы жігіт өз жолымен кетіп бара жатқан. Зуылдап келген күйі жаяу жүргіншіні қаққан БМВ алдындағы көлік пен газ құбырын соғып бір-ақ тоқтаған.
Сол оқиғада зардап шеккен Досымхан Сейфулла екі жарым айдан бері ес-түссіз ауруханада жатыр. Аяқтары сынып, миынан ауыр соққы алған жігіттің анасы күндіз-түні қасында. Аппарат арқылы демалып жатқан ұлына қарап, түндерін жылаумен өткізіп жүрген Гүлсін, кінәлі азамат кешірім сұрамақ түгілі дөкей көкесімен қорқытып, сес көрсетіп кетті дейді.
Гүлсін Қалкөзова, жәбірленушінің анасы;
-«Су шаруашылығын басқарып отырған Анарбек Ормановтың туған жиені боламын. Маған ешнәрсе болмайды. Маған ешкім ештеңе істей алмайды,- деді. Ауруханадағы бүкіл дәрігерлеріңді, осы облыстағы бүкіл сотыды, прокурорыңды сатып алғанмын» дегені тағы бар.
Досымханның анасы тергеушілер дөкей көкесінен қорқып, жиенін жазадан арашалап ала ма деп қорқады. Кезінде екі мәрте Шымкент қаласының әкімі болған, талай лауазымды қызмет атқарып, қазірде шаһардағы ең ірі ауыз су шаруашылығын басқарып отырған Анарбек Ормановтың өзі тілшілермен кездесуге құлықсыз. Бірақ, телефонмен Біржан есімді ешқандай жиенінің жоқ екенін айтты.
Анарбек Орман, «Су ресурстары Маркетинг» мекемесінің бас директоры:
- Менің ешқандай қатысым жоқ. Жиенім де жоқ. Танымаймын да. Көрмесем, менің атымды пайдаланса қайтейін.
-Сіз сотқа бермейсіз бе?
–Айналайын енді жындымын жынды боламын ба?
-Өзінен барыңдар да сұраңдар.
Өзін Анарбек Ормановтың жиенімін деп таныстырған Біржан Әміреевті біз таба алмасақ та полицейлер тілдесіпті. Іс қозғап, 30 жастағы азаматты бір жарым ай тергеген де екен. Тәртіп сақшылары кінәсін дәлелдеп, істі сотқа жолдағанымен жәбірленуші өлмесе, сотқа дейін ешкім қамалмайды деп отыр.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Сараптаманың қортындысы бойынша, болған оқиға жерін зерттеу қортындысы бойынша БМВ көлігінің жүргізушісі 1986 жылы туылған кінәлі болып табылды. Қазіргі таңда іс сотқа жолданды.
Ешқандай дөкейдің туысы бізге доқ емес деген полицейлер Анарбек Орманның өзі бізге шағым түсірсін деп отыр. Егер лауазымды тұлға жалған жиеніне қатысты арыз жазатын болса, бөтеннің ар-намысын таптағаны үшін жазасы ауырлай түсері анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!