{metadescription}
Алматыда бірнеше аудан су астында қалды
Алматыда бірнеше аудан су астында қалды

Алматыда бірнеше аудан су астында қалды

Алматылықтар тасқын салдарымен күресуде! Қыс басталғанда еріген қар мен нөсерлете жауған жаңбыр бірнеше ауданды су астында қалдырған. 30-ға тарта үйдің ауласы мен базарлардың бірі әпсәтте көлге айналды. Тас жолдар да желтоқсандағы жаңбырға төтеп бере алмай, опырылыпты.

Табиғаттың тосын мінезі қыс басталмай жатып алматылықтардың әбігерге салуда. Күннің күрт жылынуынан қар еріп, өзендердегі су деңгейі көтерілген. Нөсер жаңбыр да жығылғанға жұдырық болыпты.Бұл - Жетісу мен Алатау ауданындағы үйлердің жағдайы. Тізеге дейін жететін су аулаларға кірген. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше тасқынмен тұрғындардың өздері арпалысыпты. Ал, қазір жағдай қалыпты дейді құтқарушылар.

Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі:

-Судың деңгейі 5 см-ге төмендеді. Қазіргі сәтте жұмыстың бәрі аяқталуға қалды. Бірнеше сағаттан кейін жұмыстың бәрі аяқталады түгелімен.

Қала бойынша су астында қалған 29 нысан бар. Солардың бірі - «Жібек жолы» базары. Таудан келген мұз аралас су жауынмен қосылып мұндағы саудагерлерді толарсақтан саз кештіріпті. Тіпті, мұз бөлшектері арықты бітеп, жағдайды ушықтырған. Ақыры базарды жабуға тура келді.

Әділ Абдуллин, «Жібек жолы» базарының әкімшісі:

-Мұндағы арықтар үлкен көлемдегі су ағынына есептелмеген. Сондықтан, су базарды басып қалды. Тасқын салдарымен түңгі үшке дейін арпалыстық. Қазір де жұмыс жалғасып жатыр. Саудагерлер ертең қайта жұмысқа кіріседі.

Тасқынынан көлік қозғалысы да қиындаған. Тіпті, кейбір көшелер қатты ағынға төтеп бере алмай, опырылып түсіпті. Мәселен, «Қалқаман»  ықшамауданындағы мына жол бір метрге дейін төмен түскен.

Дәурен Нұрдәулетов, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары:

- Қала аумағы бойынша 170 данадан астам арнайы техника жұмылдырылып, 60-тан адам жұмыс істеп жатыр. Қажетті тазалау, арық араналарын тазалау, өзен арналарын тазалау жұмыстары бойынша әрине міндетті түрде көмек көрсетіледі.

Ал, синоптиктер желтоқсанда жауған нөсер жауын мен жылы ауа-райы қалыпты жағдай деп отыр. Жаңбыр әсіресе Шымбұлақ пен Үлкен Алматы өзенінің аумағында ең үлкен мөлшерде жауыпты.

Ауа-райын болжаушылар бұл желтоқсандағы жауынның соңы емес дейді. Жақын күндері тағы жаңбыр жаууы ықтимал. Қар көшкінінің жүру қаупі де жоғары. Мұны ескерген атқамінерлер қазірден техника мен жұмысшылар санын арттырып, апатты жағдайға дайын отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде