Алматыда кооперативтің жұмысына көңілі толмаған жұрт шу шығарды
Бір үйде тұрып бүлініп жатқандар. Алматыда «Премьера» кешенінің тұрғындары коммуналдық қызмет көрсететін кооператив төрағасын орнынан кетіре алмай жүр. Үй жылымайды, құбырлар сынық, қоқыс тазаланбайды деген олар басшыны бірнеше рет сотқа беріпті. Бірақ оның да өз уәжі бар. Бұл қызметке қызыққан он шақты адамның ісі дейді кооператив төрағасы.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.12.2016
«Премьера» кешеніндегі 29 үйдің тұрғындары өре түргеліп ортадағы алаңқайға жиналған. Бәрінің ойы бір – кооператив басшысын қызметінен қуу.
Темір Уәлиев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Сынған батарея, жертөле суға толған, жеделсаты жұмыс істемейді. Үйдің кіреберісі де ұсқынсыз. Ай сайын ақшасын төлеп отырамыз. Бірақ сол қаражаттың қайда кетіп жатқанын білмейміз.
Басшыны орнынан аламыз дегендер қол жинап жатыр. Бірақ, араларында төрағаны жақтайтындар да табылды. Тек оларды елеп жатқан адам аз.
Негізінде осы даудың бәріне толымды жауап беретін кооператив басшысы жүруі керек еді. Бірақ жиында ол төбе көрсеткен жоқ. Ал оны кеңсесінен табамыз деп барғандар есігін қиратып тастады. Есіктің сынғаны сол екен, әйнектің екі бетінен екі тарап бір бірін телефон камерасына түсіріп әлек. Онысы іс насырға шауып сотта жолықсақ, қорған болар дерегі болмақ.
Кеш болса да камера алдында жауап берген кооператив төрағасы бұл айғайдың бәрі бірнеше адамның құйтырқылығы дейді. 3 жылдан бері жалғасып келе жатқан дау биыл да қайталанып отыр екен.
Серікбай Досов, «Премьера» тұрғын үй кешені тұтыну кооперативінің төрағасы:
-Ол жерде жүрген бір он шақты кісі бар. Халықты арандатып жүрген. Жылу, су, энергияның бағасына жауап бермейміз ғой. Біздікі үйдің күтіміне жауап беру.
Ал сапасыз құбырларды баяғы үй салған құрылысшылардың қателігі дейді. Оның үстіне немқұрайлы тұрғындардан 3 жылдан бері қордаланған 56 миллион теңге бар екен. Ол өтелмейінше сапалы қызмет талап ету де жөнсіз дейді төраға. Айтқандай, әлгі есік сындырғыш жігіт жазасыз қалмайын деп тұр. Өйткені, кооператив өкілдері оған қатысты сотқа арызданып қойған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!