Нұрсұлтан Назарбаев отандық аяқ киімге жарнама жасап берді
Қазақстанда тағы бір жаңа министрлік пайда болуы мүмкін. Президент Сыртқы Істер және сауда министрлігін құру туралы жоспары барын айтты. Ведомство саясатпен ғана емес, экспортпен және елге инвестиция тартумен айналысуы тиіс. Бүгін телекөпір кезінде ондаған зауытты іске қосқан мемлекет басшысы, отандық аяқкиімге де жарнама жасап берді. Осы жерде Назарбаев индустрияландырудың олқы тұсын сынап, кемшілікті түзеудің жолын да көрсетті.
Автор: Ербол Сейілхан
06.12.2016
Бюджеттің миллиардттары есепсіз бөлініп жатқан ауқымды істің орындалуын жыл сайын президенттің өзі тексереді. Сондықтан индустрияландыру бағдарламасына басымен жауапты Инвестициялар және даму министрлігі мен облыс әкімдері жанталасып, Елбасыға жағып қалуға тырысады. Ал бүгін Нұрсұлтан Назарбаев 16 өңірде салынған 23 жаңа өндірісті тікелей эфирде іске қосты. Бұлардың ішінде, «Алматы-Шу» бағыты мен Құрық портына апаратын теміржол желісі, Атырауда қайта жөнделген мұнай өңдеу зауыты, түрлі металл, тағам, тыңайтқыштан бастап қара уылдырыққа дейін шығаратын фабрика да бар. Әсіресе, мемлекет басшысына Алматыда тігіле бастаған отандық аяқкиімдер қатты ұнады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Жаңадан өндіріс ашылады дегеннен кейін бүгінгі басқосуға отандық костюм киіп келдім. Аяқ киім де сендерден сатып алдым. Қазір аяғымды көтеріп көрсете алмаймын, бірақ сендер өндірген аяқ киімді киіп отырмын. Халықты отандық жеңіл өнеркәсіп тіккен кіиімдерді алуға шақырамын. Әрі қарай осыны дамыта беріңдер, бәсекеге сай болып, италиялықтардан да, француздардан да кем шығармайтын болыңдар.
Бүгін сән-салтанатпен ашылған кәсіпорындар толық қуатына көшіп жарты жолда тоқтап қалмауы тиіс. Өткеннен сабақ алуға кеңес берген президент бұл жобаларға министр мен әкімдердің басымен жауап беретінін тағы да қатал ескертті. Осы жерде Назарбаев Қазақстанда кімнің саудамен, кімнің сырттан ақша әкелумен айналысып жатқанын түсінбей дал болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Үкімет инвестиция және саудамен кімнің айналысып жатқанын білмейді. Сыртқы істер министрлігі көптеген елдердегідей Сыртқы істер және сауда министрлігі болу керек шығар? Ал Индустрия министрлігінде индустриямен айналысу қажет. Мұнымен нақты кім айналысатынын анықтап алуымыз керек.
Жүйесіздіктің кесірінен шетелдік қалталы кәсіпкерлер бюрократиядан, негізсіз кабинетке жүгіруден шаршап, елдеріне қайтып кетіп жатыр екен. Бұны естіген мемлекет басшысы жауапты шенеуніктерді бірден жұмыстан қууды талап етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Сондықтан да мен ескертемін: мен былтыр осы мәселе бойынша кімдермен сөйлестім, солар қажетті жұмыстарды жүргізуі қажет. Жазбаша түрдегі есепті маған тапсырасыңдар. Және де инвесторларды итеріп тастайтын адамдар жұмыста маған керек емес. Мен оларды да итеріп, жұмыстарынан босататын боламын.
Елді мұнайға тәуелділіктен құтқаруы тиіс индустрияландыруға 7 жылдың ішінде 5 триллион теңге жұмсалып, мыңға тарта зауыт салынған. Ал биыл он айда 10 айда 180 миллиард теңгеге 60 жоба іске қосылыпты. Экспортқа өнім шығаруды талап еткен Елбасы велосипедтті қайта құрастырып, көшірмеге айналудың қажеті жоқ деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Советский Союз хотел создать Mercedes, создал "Волгу". Хотел создать Toyota, создал "Ладу". И что получилось из этого?! Не надо. Как бы не захотели, Mercedes не сможем создать. "Боинги", самолеты создавать не надо, да и не нужно. Это есть в мире. То, что не нужно, купим, то, что можем создать и продать, надо создавать.
Бүгін президентке ең мақтаулы деген жобалар көрсетілді. Бірақ Инвестициялар және даму министрлігінің қарқыны қатты. Жетоқсанның соңына дейін тағы 700 миллиард теңгеге 63 зауытты іске қоспақ. Сөйтіп бос жүрген 7 мың адамды жұмысқа орналастырмақ ойда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!