Астанада Бас прокуратураның алдында өзін өртеген әйел өлім аузында жатыр
Астанада жантүршігерлік оқиға! 48 жастағы әйел үстіне бензин құйып, тапа-тал түсте Бас прокуратура алдында өзін өртеп жіберді. Майра Рысманова есімді келіншектің мұндай қадамға баруына есірткі саудасы үшін сотталған ұлы себеп болған. Оның ақтығына шүбәсіз сенген ана, әр бастықтың есігін қағып, әділдік таппадым ашыныпты. Бас прокурордың назарын аудару үшін Шу қаласынан келіп, өзін өртеген әйел қазір хал үстінде жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
06.12.2016
-Мен шаршадым шыны керек.Жалғыз мен емес, жұрттың бәрі шаршады.
Бұл Майра Рысманова есімді келіншектің былтыр Шу қаласында шу шығарып жүрген кезі. 48 жастағы әйел сол кезде жергілікті полицейлер жас жігіттерді бопсалап, жазықсыз түрмеге қамап жатыр деп айыптаған. 28 жастағы ұлының да осылай тәртіп сақшыларының құрбаны болғанын айтты.
Майра Рысманова, Шу қаласының тұрғыны:
-Үмбеталиев Мұрат, баламды қамап тастады. Біреуге куәгер болмадың деп қамады.Көлік жөндеу орталығынан шығып келе жатқанда,екі көлікпен 10-15 полицей қоршап көлігіне анаша, қалтасына героин салған.
Десе де, Майраның ұлымды ақтап аламын деген әрекетінен түк шықпапты. Сөйтіп, былтыр маусымда баласы ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 4 жарым жылға сотталып кеткен. Содан бері құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып, әділдік іздеген ана, бүгін ақыры оқыс қадамға барды. Бас прокуратураның бақылау өткізу пунктінде сырты киімін шешіп, үстіне бензин құйып, өртеп жіберген.
Нұржан Серікбаев, ҚР Бас прокуратурасының басқарма прокуроры:
-Аяқ астынан болған жағдай. Өйткені, сырттан кірген кезде оның ондай жағдайға баратынын, өзін өртеп жіберетінін ешкім білмеген. Табан астында бәрі. Шешініп жатқанда үлгермеген бе, сонда?
–Үлгермеген болуы керек.
Өзін өртеген әйел дереу қаладағы 1-ші ауруханаға жеткізілген. Бірақ денесіңнің сау тамтығы қалмай күйгендіктен, өмір мен өлім арасында жатыр.
Ал, Бас прокуратура өзін өртеген Майра Рысманованың ұлына қатысты істі Шу қаласындағы әріптестерінен сұратып үлгерген. Сөйтіп, есірткі сақтаған үшін сотталған жігіттің қылмыстық ісі біп апта ішінде Астанаға жеткізілуі тиіс. Оны прокурорлар үтір нүктесіне дейін қайта қарап шықпақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!