{metadescription}
 Алматы облысының шенеуніктері әкімдікке жылап барған жалғызбасты анаға көмектесуден бас тартқан
 Алматы облысының шенеуніктері әкімдікке жылап барған жалғызбасты анаға көмектесуден бас тартқан

Алматы облысының шенеуніктері әкімдікке жылап барған жалғызбасты анаға көмектесуден бас тартқан

Жоқшылық жүдеткен отбасы! Алматы облысында жалғызбасты ана 4 баласымен өлместің күнін кешіп жүр. Қазір олар қуықтай, әрі іші қара суық баспананы паналап отыр. Ішер ас пен киім-кешекке де мұқтаж. Жоқшылық зардабын тартқандар Талғар ауданының әкімдігінен де күдер үзген. Өйткені, атқамінерлер әркімнің босағасын сығалаған бала-шағаға жәрдемдеспек түгілі, баспана кезегінен еш себепсіз шығарып жіберіпті.

Әбден тарыққан бұл отбасы қазір тамақ та, киім де талғамайды. Бұйырғанын жеп, жұрттан қалғанды киіп үйренген. 2 жарым жыл бұрын күйеуі аяқасты қайтыс болып, жесір қалғаннан бастап Гүлжәмиланың 2 және 13 жас аралығындағы 4 баласымен бірге көрмегені жоқ. Қазір аядай мына бөлмеде отыр. Алатын жәрдемақысы тек осы үйге төлеуге жетеді.

Гүлжәмила Ботабаева, көпбалалы ана:

-Балалар сабақтан келгеннен кейін, кафе-барларға  еден жууға барамын. Ыдыс-табақ жуамын. Сол жақтан кішкене нан береді. Тамақтарынан салып береді. Тапқан тиыныма көмір аламын. Мың теңгесіне.

Ал қазір сол отынның да жоқтығынан балалар әбден суықтап қалған. Ең кішкентайы тіпті бас көтере алмай жатыр. Бала-шағаның жылы киімі де жоқ. Мәселен, тетелес Жұлдыз бен Еңлік бір етікті алма-кезек киеді. Десе де, олардың армандары таудай.

Арсен Өмірбаев:

-Сабағымды жақсы оқып, қызыл дипломмен бітіремін.  Анама көмектесіп, үлкен үйін алып беремін. Орындаймын осының бәрін.

Әрең күнелтіп жүрген отбасыға жергілікті әкімдік те көмек бермепті. Керісінше, атқамінерлердің зияны тиген көрінеді. Ондағылар көпбалалы ананы баспана кезегінен еш себепсіз шығарып жіберген.

Гүлжәмила Ботабаева, көпбалалы ана:

- «Жер жоқ дедік» қой деп зіркілдеді.   «Сен жалғыз емессің,сенен жағдайды нашар кісілер бар» деп шығарып салады. Осыдан кейін баруға дәтім жоқ.

Кейін кезекке қайта тұрғанымен, үйдің жақын арада берілетін түрі жоқ. Әкімдіктегілер де бұл биылдың шаруасы емес деп ашық айтып отыр.

Салауат Қазиев, Талғар ауданы ЖКХ бөлімінің басшысы:

-Пәтер санының  аздығына байланысты,ол кісі биыл ала алмайды. Енді кезек бойынша, заң бойынша алады. Ол кісіге жеңілдік қарастырылмаған.

Баспананың келер жылы берілу-берілмеуі де сол күйі сұрақ болып қалды. Сондықтан, жоқшылық зардабын тартқан отбасы қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр. Тіпті, бір үзім нанның өзі олар үшін аса қымбат...

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде