ОҚО-да уланған су ішіп отырған жұрт әкімнің шаңын қақты
Ауыз суы уланған ауыл! Оңтүстік Қазақстанда шекара шетін жайлаған мың жарым тұрғын химикаттармен уланған су ішіп отыр. Бағыс ауылын тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін бұлақты бәзбіреулер осымен екінші рет улап кетіпті. Соның салдарынан балалары аурудан көз ашпай жатқан жұрт бұл әдейі жасалып отырған әрекет десе, шенеуніктер судың дәмінің бұзылуы бұлаққа түскен жаңбыр мен қардан дейді.
Автор: Бек Әбиев
07.12.2016
Тәуелсіздік алғалы шекара шебінен шерменде болған Бағыс ауылының жұртына енді су қайғы. Сарыағашқа қарайтын бұл ауылдан 3 шақырым жерде бұлақ бар. Ауыз суы сол бұлақтан келетін тіршілік көзін бәзбіреулер биылдыққа екінші мәрте улап отыр екен. Бұлақ басынан бір мәрте қапқа салынған дуст тапқан жұрт үш күн бұрын тағы дусттың құтыларын байқапты. Ал судың дәмі мен иісінің бұзылғанына бір ай болған. Содан бері тұрғындардың іші өтіп, балалардың бетіне жара қаптап кетіпті.
- Еш жазылмайды. Ауылдағы көп баланың бетіне осындай шығып жатыр
Химикаттың құтысын тапқан жұрт шенеуніктерге айтқан соң бұлақтан келетін құбырды бекітіп тастаған. Ауданнан көлікпен су жіберіпті. Бірақ оның бағасы мұндағы жұрт үшін қымбат.
Ұлболсын Арынова, Бағыс ауылының тұрғыны:
- Құйып алдым бір флягпен бір шелек. 170 теңге сұрады. Ал, мақұл мен зейнетақы алып жатырмын. Алмайтын жастарымыз не істейді?
Жұрт шулап жатыр деген соң отыз шақырым жердегі ауылға аудан әкімі келді. Тұрғындардың мұңын тыңдап, су боларына сендіруге тырысты. Ары қарай бұлақ басына бет бұрған әкім онда құрылыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Бюджеттен 18 миллион теңге бөлініп, бұлақ көзіне қоршау салынып, күзет қойып жатыр екен. Ал су дәмінің бұзылуын қар мен жаңбырдан, одан қалса жұмыс кезінде бұлаққа түскен батпақтан көреді.
Қайрат Әбдуәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі:
- Ауа райының жаңбырлы-қарлы болуына байланысты, лайланып кетуіне байланысты халықтың реніші туындап отыр. Сол жұмыс қазір бітіп жатыр. Халық сусыз қалған жоқ.
Әкім келді дегенді естіп салынып жатқан нысанның басына СЭС мамандары да жетті. Олардың зерттеуі бойынша химикат иісі шығып, құрт жайласа да қазіргі су ішуге жарамды екен. Аудандық шенеуніктердің енді бұған сүзгі қойып береміз дегеніне сенген тұрғындар, енді не болса да, осы суды ішетін болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!