Петропавлда баспана тауқыметін тартқан жалғызбасты әкеге көмек керек
Петропавлда кәмелет жасына толмаған төрт баланы жалғыз асырап отырған ер адам баспана тауқіметін тартып жүр. 40 жастағы Манап Серікбаевтың жары биыл тамызда қатерлі ісіктен көз жұмыпты. Пәтер кезегінде тұрған оны енді шенділер қайтыс болуына байланысты тізімнен алып тастамақшы. Зіңгіттей жігіттің ауыр жағдайын ескерген туыстары отбасына бір бөлмелі пәтерлерін уақытша тұруға берген.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
09.12.2016
Үш жасар Нұрсәт «анам аспанға ұшып кетті» дейді. Тоғыз жасар Лира мен біз барған күні жетіге толған Сана шешелерінің қайтып келмейтінін түсінетін сияқты. Қыздар әкелерінің дайындаған асын тасып, дастарханды әп сәтте-ақ жайнатты.
-Папаның любой тамағы тәтті. Біз папаның любой тамағын жақсы көреміз.
Үйде тек бес жасар Турая ғана жоқ. Аурушаң оны әкесінің дәрігер қарындасы «қыс бойы қолымда болсын» деп ауылға алып кетіпті.
Манап Серікбаев, жалғызбасты әке:
-Бұрын қазақта бір мақал бар гой. Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жолдасың өлмесін деп. Енді балалар үшін ғой түгелі. Қандай қиындық болса да соны қиын демей, балаларға білдіртпей, ешкімнен кем қалдырмай тәрбиелеп жатырмыз енді көреміз.
Анасынан жастай айрылған жетімдердің енді бір ғана арманы бар.
-Мен жеке бөлмемде оқитын бөлме болғанын қалаймын. Кітаптарым бір полкада, сабақ оқитын жерде.
Төрт баланы дүниеге әкеп, 31 жасында көз жұмған Қарлығаш талай жыл пәтер кезегінде тұрыпты. Ал кезінде ішкі істер органында қызмет еткен жары Манап осы бір бөлмелі пәтерді ипотекаға алып, өз атына ресімдеген. Пәтер тар болғандықтан, артынша ол да әкімдікке мемлекеттік қызметкер ретінде кезекке тұрған. Ақша жетпей ипотека қысқанда, пәтерін туысы сатып алған. Ал Манаптың мемлекеттік қызметтен кеткенін естіген шенеуніктер оны да кезектен сызып тастапты.
Манап Серікбаев, жалғызбасты әке:
-Квартира бер деп енді ешкімге не дей алмайсың гой. Ондай дау жоқ, хотя бы сол өзімнің очередімді алып қалсам деген. Пәлен жыл бойы госслужбада күні түні істеп, мінекей енді ең соңында орта жолды қалдым. Көрдіңіз ба.
Кезінде өз атында пәтер болғандықтан енді Манап бес жыл бойы тіпті баспана кезегіне де тұра алмайды екен. Ал қарапайым жұмысшының 22 мың теңге жалақысы мен асыраушысынан айрылғаны үшін берілетін жәрдемақы балалардың ас-суынан артылмайды. Десек те, шенеуніктер тығырықтан шығар жол бар дейді.
Бауыржан Бейсембаев, Петропавл қалалық тұрғынүй бөлімінің сектор меңгерушісі :
-Тұрғын үй комиссиясына ипотекалық несиені төлей алмағандығы туралы, жарының ауырғаны, өзінің жұмыстан кеткені жайында құжаттарды жинап әкелуі тиіс. Бұл жағдайда комиссия мүшелері отбасының қиын жағдайын ескеріп, оны марқұмның орнына кезекке қоюы мүмкін.
Шенеунік ресми сұхбатта отағасын үміттендіргенімен, ауызекі әңгімеде көбіне комиссияның теріс шешім шығаратындығын да жасырмады. Егер солай болған жағдайда, Манап пен төрт баласында қайырымды жандардан ғана үміт бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!