«Астана-Бурабай» тас жолындағы жантүршігерлік апатқа қатысты жаңа дерек шықты
«Астана-Бурабай» тас жолында 4 адам қаза тапқан жантүршігерлік апатқа қатысты тек автобус жүргізушісі тергеліп жатыр. Көктайғақта жеңіл көліктің артынан соғып 3 әйелді езіп тастаған ол қолхатпен бостандыққа жіберілген. Ал осы сұмдық апатқа кездейсоқ тап болып, жаншылған жолаушыларды құтқармақ боп өзі ажал құшқан Құмарбек Жәкетай мемлекеттік наградаға ұсынылуы мүмкін.
Автор: Досжан Маратұлы
09.12.2016
Бір апта бұрын болған оқиғадан Жәкетай әулеті әлі ес жия алар емес. Қапыда отағасынан айырылып, қабырғасы қайысқан отбасы қайғыдан әбден қажып кеткен.
Түнғатар Сапарғалиқызы, марқұмның жұбайы:
- Ешкімді кінәламаймыз. Кімнің басына келмейді? Өз балаларымыз да жол үстінде жүр. Неше түрлі жағдай болады. Қасақана ешкім істемейді ғой. Алланың ісі дәм-тұзы таусылған шығар.
50 жастағы Құмарбек Жәкетай ажал құшқан күні туған әпкесін жер қойнына тапсырыпты. Сөйтіп жаназадан шығып, асқа бара жатқанда өзі ажал құшты. Жол бойында түйісіп тоқтаған көліктің жолаушыларына көмекке ұмтылғанда, жігіт ағасын басқа автобус жаншып кеткен.
Нұрболат Құмарбек, марқұмның ұлы:
- Әкем жаңағы бірінші мантировкамен жүргізушіні құтқарған. Сосын жүргізушіні құтқарған соң, екеуі Данил есімді төрт жасар бүлдіршінді құтқарған. Әкем багажниктің артына шығып, мантировкамен терезені сындырған. Үш адамның қауіпсіздік белдеулерін шешкен. Сол кезде Ерлан есімді жігіт айтқан аға қашыңыз артыңызда автобус деп.
Көлік ішінде қысылып қалған 50, 32 және 22 жастағы үш жолаушы әйелді құтқарып үлгермесе де Нисанның жүргізушісі мен кішкентай баланы ажалдан аман алып қалған екен.
Нұрболат Құмарбек, марқұмның ұлы:
-Екінің бірінің қолынан келмейтін іс жасады деп ойлаймын. Ниссанның жүргізушісі де айтады. Курткамды шешіп қолымды көтеріп көмек сұрадым. Ешқайсысы тоқтамайды деп. Сол аға екеміз ғана жүрміз. Сәбиді аман алып қалып, өзін өлімге тігіп, басқаларға өмір сыйлап отыр. Бұл ерлік. Мен мақтанып айта алам әкем осындай ерлік жасады деп.
Сондықтан марқұмның артында қалған әйелі, екі қызы мен ұлы әкелерінің ерлігі еленсе деп отыр. Қазір облыстық ішкі істер департаменті Құмарбек Жәкетайды мемлекеттік наградаға ұсыну мәселесін қарап жатыр.
Ал Астанадан Бурабайға апаратын жолда жүргізушілер абайламаса, қауіптің сейілер түрі жоқ.
4 адамның өмірін жалмаған ірі жол апаты дәл осы жерде болған. Қаралы күннен қазір мұнда бір белгі жоқ. Ал қыста жүруге қауіпті трассаны жұрт өлім жолы деп атап кеткен. Өйткені, үнемі ақтүтек боран соғып, жол мүлдем көрінбей қалады.
Ал, осы боранның кесірінен апатқа түсіп, анасынан айырылған 4 жастағы Данил есімді бүлдіршін әкесінің қолында. Бір анығы қазір полицейлер автобус жүргізушісінен ғана жауап алып жатыр. Егер ол кінәлі деп танылса 10 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!