СҚО-да пеш жағатын тұрғындар көмір таппай тентіреп жүр
Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшы. Қысы қатты өңірде тоғыз ай пеш жағатын тұрғындар күнұзаққа қоймаларды аралап, тентіреп жүр. Сөйтсе, елімізде көмір жеткілікті өндірілгенімен, оны таситын вагон жоқ екен. Мұндайда пайданы көздейтін алыпсатарлар бағаны да бірден 30 пайызға көтере қойыпты.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
09.12.2016
Руслан Жұматаевтың қорасында жатқан мына кішкене ғана көмір ары кетсе екі күнге ғана жетеді. Егер бүгін-ертең отын түсірмесе, жылу жүйесіндегі суды ағызып, туыстарының үйіне кетуден басқа амалы жоқ. Қырсыққанда теріскейдің қысы да теріс мінез танытып, бүгін -22 градусты көрсетіп тұр.
Руслан Жұматаев, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Үйде бала–шағам, кәрі ата- анам бар. Бәрін қай туысыма сыйдырамын. Бір аптадан бері ағамыз екеуміз көмір қоймаларын аралап, сенделіп жүрміз.
Ал көмір қоймаларындағы жағдай мынау. Ұзын-сонар кезектің соңы көрінбейді. Ары кетсе, алдыңғы он шақты көлікке ғана көмір жетуі мүмкін. Қалғандарының жағдайы мүшкіл. Әсіресе, 200-300 шақырым жердегі ауылдардан келетін жұртқа қиын соққалы тұр.
Мадияр Кәріпов, көлік жүргізушісі:
-Сонау Шал ақын ауданынан келіп тұрмыз. Таңертеңгі бестен бері тұрмыз. Кезек деген көп. Білмейміз әлі ала аламыз ба, жоқ па?
Ал өңірге көмір жеткізетін кәсіпкерлердердің айтуынша, елімізде қара отын өндірісі ақсамаған. Тек оларды облысқа таситын вагон тапшы екен. «Қазастан темір жолы» компаниясындағылар «көмір тиелген вагондар Киевке кетіп, қайтпай жатыр» депті.
Мұратхан Тұрмағамбетов, кәсіпкер:
-Қазақ темір жолында вагондар жетіспей жатыр. Бір айдың ішінде 6 вагоннан, 5 вагоннан күнара түсіп тұратын. Қазір енді күнара үш вагоннан келіп тұрады.
Ал жылы кабинеттерінен шығып, көмір қоймасындағы жағдайды көрмеген шенеуніктер өңірде отын тапшылығы мүлдем жоқ деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Керек отын қорының 90 пайызы әлдеқашан әкелінген, айналдырған 10 пайызға бола бұлай шулаудың қажеті қанша деп шамданады тіпті.
Сәния Смайылова, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
-Қалада көмір тапшылығы бар деп айта алмаймын. Бір қоймада бүгін болмаса, екіншісінде болуы мүмкін ғой. Кезекпен түсіп тұрады. Даурығатын түк жоқ.
Әкім орынбасарының қисынына сүйенсек, көмір таппай сабылып жүргендердің отбасы әдейі бүрсеңдеп отырғандай екен. Қалалық әкімдіктегілер еш түйткіл жоқ дегенімен, жуырда ғана облыс әкімі «Қазақстан темір жолының» басшылығын шақыртып, жағдайды тез арада реттеуді тапсырған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!