Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысты атышулы іс бойынша алғашқы қамаулар басталды
Ал Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысты атышулы іс бойынша алғашқы қамаулар басталды. Прокурорлар күдіктілерге санкция беру туралы сотқа шағым түсіріп жатыр. Сондай-ақ, қара алтын айналасында кәсібін дөңгелентіп, қылмыстық топ құрған басты күдікті Еркін Ізбасаровтың үйін ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері тінтіп шыққан. Мемлекеттік айыптаушылар тергеу аяқталғанша, мүгедек арбасына таңылған оның да қамауда отырғанын қалайды.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.12.2016
Ақтөбе соты бүгін түн жарамына дейін жұмыс істеуге бекінген. Өйткені мұнай ұрлығына қатысты қылмыстық топ мүшелері деген күдікпен ұсталғандар көп. Солардың алғашқы екеуін түске таман жеткізді. 47 жастағы Бауыржан Батыров пен 41 жастағы Нұрлан Қаскеновке ұрланған қара алтынды тасымалдағаны үшін айып тағылып отыр.
Айбек Шоқпаров, мемлекеттік айыптаушы:
-Қылмыстық топ болып аса ірі мөлшерде мұнай және мұнай өнімдерін шығару заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалы үшін айыпталып отыр. Құрметті сот, Қаскенов пен Батыров қасақана ауыр салмақтағы меншікке, қоғамдық тәртіпке қарсы құқық бұзушылық жасаған.
Бұлардан өзге қылмыстық топтың жетекшісі деп айыпталған Еркін Ізбасаровты қамауға прокурорлар соттан санкция сұрамақшы. Оған дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері «Ағайынды төртеу» деген лақап атпен танымал топтың серкесінің үйін тінтіпті. Күдіктінің Заречный елді-мекеніндегі шаңырағынан не алып шыққандары әзірге белгісіз.
Еркін Ізбасаровпен бірге мұнай ұрлығына қатысты 15 адамның ұсталғаны белгілі болып отыр. Арнайы операцияның жалғасып жатқанын ескерсек бұл сан әлі де өсуі мүмкін. Дегенмен, басты күдіктіге қатысты жұрттың пікірі екіге жарылған. Бірі оның бұрынан қылмыс әлемінде аты шыққанын алға тарса, өзгелері жақсы пікірде.
Мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жетекшісі осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбедегі сал ауруына шалдыққандарды қолдау орталығына тіркелген екен. Мұндағы әріптестері оның атышулы қылмысқа қатысы барына таң қалып отыр. Өйткені, түріне қарап қалталы азамат деп мүлдем ойламаған. Соңғы күндері мүгедектер үшін тігін цехын ашуға ақша іздеп жүріпті.
Гүлмира Сражова, Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры:
-Біз тосын жайтты естідік. Себебі бұған дейін осындай пікір болған жоқ бізде. Әрине ренжуліміз. Өйткені, мүгедек адамның осындай оқиғаға шиленісті оқиғаға тап болып жатқаны ренжітеді.
Айта кетелік, 2 күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жүргізген арнайы операция барысында әсіредіншілдер мен бірнеше қылмыс әлемінің серкелері ұсталған болатын. Олар қылмыстық топ құрып, мұнай ұрлады және одан түскен қаржымен лаңкестерді қаржыландырды деп айыпталуда. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы аумағындағы ірілі-ұсақты мұнай өңдеу зауыттары түгел дерлік тексеріліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!