{metadescription}
Үкімет тұрғындарға  баспана үшін  банктен алған  несиенің  7 пайызын төлеуге бюджеттен 2 триллион субсидия бөлмек
Үкімет тұрғындарға  баспана үшін  банктен алған  несиенің  7 пайызын төлеуге бюджеттен 2 триллион субсидия бөлмек

Үкімет тұрғындарға баспана үшін банктен алған несиенің 7 пайызын төлеуге бюджеттен 2 триллион субсидия бөлмек

Елімізде ипотеканың пайызы әжептәуір арзандағалы жатыр. Енді жұртқа жылдар бойы арман болған баспанаға қол жеткізуге Үкімет көмектеспек. Сөйтіп, коммерциялық тіпті мемлекеттік банктен алынған несиенің 7 пайызын төлеп беруге дайын. Ауқымды іс үшін бюджеттен субсидия ретінде 2 триллион теңге бөлінбекші. Бірақ  миллиондаған шаршы метр пәтер салуды көздейтін мақтаулы бағдарлама үйсіздердің барлығын жарылқай алмайды.

Қазір елімізде көп банк оңайлықпен ипотека бере қоймайды. Беретіні - несиеге үсті-үстіне үстеме қосып, 20 пайыздан асырады. Қысқасы, халық есебінен қыруар пайдаға кенелуде. Енді кісі есігінде күнелтіп жүргендерді Үкімет жарылқағалы жатыр. Үміт күтіп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы шын мәнінде іске асар болса, ипотека арзандамақ.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Бағдарламаның бірнеше негізгі бағыттары бар. Ең әуелі ипотекалық несиенің пайызы төмендейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен әкімдікте үй кезегінде тұрғандар үшін үй құрылысының көлемін арттырамыз.

Мақтауы асырылған іс ең әуелі жұртқа пайызы төмен арзан ипотека алуға мүмкіндік береді. Яғни, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 17 пайызға дейінгі ипотеканы енді 10 пайызбен алуға болады. Өйткені, қалған 7 пайызын мемлекет бюджеттен субсидия бөліп, банктерге өзі төлейді.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Екінші деңгейлі банктер Астана мен Алматы тұрғындары үшін 20 миллион, ал басқа  өңірлер үшін 15 миллион теңгеге дейін ипотека беретін болады. Несиені төлеу мерзімі 15 жылға дейін.

Мемлекеттің субсидиясына кез-келген тұрғын өтініш берсе болады. Алайда, талап бойынша, алатын пәтердің алғашқы жарнасы міндетті түрде болуы тиіс. Оның көлемін банктің өзі анықтайды. Бірақ, тұрғын үй нарығындағы алпауыт компаниялар жұрт жаппай арзан ипотека ала алмайды дейді. Өйткені, несиенің бір бөлігін төлеуге Үкімет көмектескенімен, екінші деңгейлі банктер адамдарға қыруар ақшаны ұзақ жылға сеніп тапсырып, тәуекелге бармайды.

Айдын Рахымбаев, Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:

-Оның үстіне екінші деңгейлі банктерде ондай көп ақша жоқ. Сондықтан бағдарлама аясында жеңілдіктер қарастырылғанымен, оны үйсіздердің барлығы пайдаланып қала алмайды. Дегенмен, тұрғын үй нарығына жаңа қарқын берері сөзсіз. Бірақ, мұнымен мәселе шешілмейді.

Десе де, бағдарламаны іске асыруды қолға алған Ұлттық экономика министрінің баяндамасы оптимизмге толы. Айтуынша, «Нұрлы жер» бойынша алдағы 15 жылда 250 мыңға жуық баспана салынбақшы. Ол үшін бюджеттен 2 триллион теңгеге жуық қыруар қаржы бөлінеді.

Баспана салуға бөлінетін қаржы артпаса кемімейді. Яғни, соңғы кездері қарқынды өсіп келе жатқан мұнай бағасы бюджетке түсімді арттырып отыр. Егер келер жылы да, қара алтын бағасы шарықтайтын болса, «Нұрлы жерге» бөлінетін ақша қайта қаралып, бағдарламаға өзгерістер енуі мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде