Ақордада министрден бастап металлургке дейін мемлекеттік награда алды
Орден мен атақ жауған күн! Бүгін Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев ұлық мереке Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік наградалары табыстады. Еңбегі, ерлігі, жеткен жетістігі еленген қырыққа тарта адам марапатын бүгін президенттің қолынан алды.
Автор: Ербол Сейілхан
13.12.2016
Ақорданың шетел басшыларын қабылдайтын орталық залына ең таңдаулылар шақыртылған. Елбасыдан лайықты бағасын алғандардың қатарында министр, әкім, спортшы, дәрігер, кәсіпкер, өнер иелері, әскери қызметкерлер, тіпті металлургке дейін бар. Еңбегі еленгендердің ішінде саяси элитаның мүшелері де көп. Мәселен, президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовпен қатар Риода жүзуден топ жарған параолимпиадашы Зүлфия Габидуллина «Барыс» орденінің иегері атанды. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Парасат» орденіне лайық деп танылса, Ақтөбеде террористердің жолын кескен сарбаз Бақтияр Қайырбековтің кеудесінде енді 3-ші дәрежелі «Айбын» ордені жарқырап жүрмек. Тәуелсіздің қарсаңында бұндай атақтар өз саласында табысқа жеткен мыңдаған адамға берілмек. Ал бүгін президент резиденциясына шақырту алғандарға Назарбаев бағындырған белеспен тоқтап қалмай, алға өрлей беруге кеңес берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Сіздер өнегелі істеріңізбен көпшілікке үлгі болып, құрметке бөленіп келесіздер. Өз еңбектеріңізбен. Жұмыс істеп жүрген ұйымда, елімізде де белгілі азаматтар болдыңыздар. Өз саласында жоғары нәтижеге жеткен азаматтар ең үлкен наградаға лайық деп санадық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!