Рақымшылық туралы заңға қол қойған Назарбаев жақсылықтың қадірін түсінуге кеңес берді
Нұрсұлтан Назарбаев түрмелердегі мыңдаған қылмыскердің жазасын жеңілдетіп, сотталушыларды бостандыққа жіберуге рұқсат берді. Бүгін президент «Рақымшылық» туралы заңға қол қойды.
Автор: Жәудір Оразхан
13.12.2016
Тәуелсіздік мерекесіне орай қабылданған құжат 10 тәуліктен кейін күшіне енеді. Жалпы, жаңа заңның 28 мың адамға шапағаты тимек. Ең алдымен кәмелеттік жасқа толмағандар, аяғы ауыр келіншектер мен балалы әйелдерге, мүгедектер және егде жастағы сотталушыларға рақымшылыққа ілігеді. Сөйтіп, жеңіл қылмыс жасаған 1500 адам абақтыдан босатылмақ. Ал ауыр қылмыс жасағандардың жазасы жеңілдетіледі. Бірақ аса қауіпті қылмыскерлер: террорист, экстремистер мен педофилдерге рақымшылықтың қатысы жоқ. Сондай-ақ, қазір тергеліп жатқан, сотқа жетпеген жеңіл қылмыстарға қатысты істердің барлығы тоқтатылмақ. Айта кету керек, бұл елімізде жарияланып отырған 9-шы рақымшылық.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті:
- Халқымызда «кеңшілік жасаған таршылық көрмес» деген қанатты сөз бар. Қадамын шалыс басып, заң бұзған адамды кешіру – адамгершілік пен мейірімділіктің көрінісі.Олардың түзу жолға түсіп, қоғамнан орын табуына мүмкіндік беру керек, бәріміз көмектесуіміз керек. Кешірім жасалғандар жақсылықтың қадірін түсініп, енді заңсыздыққа жол бермейді деп үміттенемін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!