Жағымсыз иіске тұншыққан қызылордалықтар шу шығарды
Қызылорда іргесіндегі Тасбөгет кентінің тұрғындары нәжіс суын кешіп жүруге мәжбүр. Тұрғын үйлер маңына төгілген үлкенді-кішілі дәрет жиыла келіп қазірде көлшікке айналған. Ал оның қолқаны қапқан иісі тұрғындарды тұншықтырып, қала берді адамдарды ауруға ұшыратып жатыр. Осыған ашынған бұқара бүгін биліктен лас суды тазартуын талап етіп бас көтерді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.12.2016
Тасбөгеттіктерді тулатқан, айғайға басып шулатқан осы нәжіс суы. Күнделікті қаладан шыққан дәретхана қалдықтары төгілген аумақта көлшік пайда болған. Салдарынан мұндағы жұрт жыл он екі ай жағымсыз иіске тұншығуға мәжбүр. Тіпті кейбірі ауру жұқтыра бастапты. Лас судан көресіні көрген жұрттың бүгін шыдамы шегіне жетті.
Батырбек Бөлегенов, Қызылорда қаласының тұрғыны:
-Бүкіл Қызылорда облысының боғын көрінген жерге апарып төгіп жатыр. Оны біз әкімдерге де айттық. Тыңдар құлақ жоқ. Мына үйде отыра алмай кеттік.
Айғайға басқан ел жағдайды жарияға жар салмас бұрын бірнеше мәрте әкімдікке айтып көмек сұраған. Алайда үш жылдан бері шырылдаған елдің мұң-зарын елеген ешкім жоқ. Енді сасық судан мезі болған жұрт кімнен көмек сұрарын білмей бас қатыруда. Ал жұрт әрекетсіз отыр деп кінәлаған қала билігі әдеттегідей өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, қалдық суларын төгетін арнайы үш орын болғанымен кей тасымалдаушылар ол жаққа төкпейтін көрінеді. Алдағы уақытта сондай жауапсыздармен күресуге уәде етті.
Нұржан Диханбаев, «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің басшысы:
-Біздің заңды түрде қолданатын шараларымыз жоқ. Бірақ мәслихатқа біз репортаж жасатып, газетке де жазғызып, сол мәселені шығарғанбыз. Қазіргі таңда енді, айып салу қолданатын шара механизмін заңды түрде шығару керек.
Осылайша көшеге тасталған қоқыс үшін жауапқа тарта алатын жергілікті билік өкілдері, нәжіс аралас суға келгенде дәрменсіз бола қалыпты. Ал қашан жазалау механизмі шығып, аумақ қашан тазарарын білмеген тұрғындар үдере көшуден басқа амал қалмаған сияқты деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!