Оңтүстікте жұрттың үстіне жара қаптап жатыр
Отырар ауданына қарасты Аққұм ауылының тұрғындары 4 айдан бері жаппай тері ауруымен әуре болып жүр. Айтуларынша, шіркей мен маса секілді жәндік шаққаннан пайда болған лейшманиозбен қазір ондаған адам ауырады. Дегенмен, өңірдегі шенеуніктер жайбарақат. Олардың мәліметі бойынша, ауданда бар-жоғы 3 жағдай тіркеліпті.
Автор: Бек Әбиев
15.12.2016
Сырдария бойында орналасқан Аққұм ауылының тұрғындары жаздан бері қышынып әлек. Лейшманиоз деп аталатын тері ауруы мұндағы жұрттың жас пен кәрісіне қарамай жаппай шығыпты.
Мадина Ыдырысова, Аққұм ауылының тұрғыны:
-Менің өзімнің 6 балам бар, соның 4-не шықты биыл. Басында маса шаққан сияқты қызара бөртіп тұрады. Кейін біртіндеп дендей берген соң жан-жаққа барып емнің бәрін көрдік. Күніге 3 мезгіл тазалап отырдық.
Негізінен қауын егумен аты шыққан ауылда шіркей мен маса биыл ерекше көп болыпты. Дәрігерлер тұрғындарға сол жәндіктер шаққаннан деп ескерткен. Бір шықса айлап жазылмай, іріңдейтін індеттен, әсіресе, мектеп оқушылары зардап шегуде.
-Қашан шықты?
-1-2 ай болды шыққанына.
-Ауыра ма , қыши ма?
-Ия, қышиды.Фурицилин дәрісін жағып жатырмыз.
Аққұмдағы ахуалдан аудандағы атқамінерлер хабарсыз секілді. Сұхбат барысында лейшманиоз Отырар ауданы үшін қалыпты жағдай деп, біресе ондай ауру биыл бірлі-жарлы тұрғында ғана шықты деп әбден шатасты. Бүкіл аудан бойынша бүгінгі күні 3 адам ғана лейшманиоздан емделіп жатыр деген шенеунік түсіру тобы көрген жараны басқа індет деп қойып қалды.
Рыскелді Әліш, Отырар ауданы әкімінің орынбасары:
-2016 жылы 12 айында 3 жағдай тіркелген. Жалпы, лишманиоз деген жара бұл шындығын айтуы керек бала кезімде маған да шыққан. Бұл жалпы біздің ауданда кеңес дәуірі кезінен кездесетін жараның бірі.
Әкім орынбасары айтқан мәлімет Аққұм ауылында көрген құжатпен үйлеспейді. Яғни, біз көрген медициналық құжатта бір мектептің өзінде 27 оқушыға лейшманиоз диагнозы қойылғаны көрсетілген.
Басшы шатасты ма, әлде басшыға мәлімет берген СЭС мамандары жаңылды ма, біле алмадық. Бірақ отырарлықтардың айтуынша, лейшманиоз Аққұм ауылында ғана емес, көрші ауылдарда көп кездесіп жатыр. Бұл ақпаратты облыстық тері-венерологиялық аурулар диспенсері де растады. Олар берген ақпарат бойынша, Отырарға көршілес Мақтарал және Шардара аудандарынан да лейшманиозбен ауырып келіп жатқандар жетерлік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!