Мереке қарсаңында Ақтөбеде үшем дүниеге келді
Айы-күні жетпеген келіншекті қан қысымының көтерілуіне байланысты дәрігерлер ота жасап, ерте босандырып алуға шешім қабылдаған. Шала туғанымен, шақалақтардың жағдайы қазір жақсы. Келер аптада үйлеріне шығады. Ал онда төрт бала інілерін күтіп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.12.2016
Бір сәтте үш батырды дүниеге әкелген Таңнұры Жакинаның өзі әлі таңданып отыр. Тұқымында бұрын-соңды үшем түгілі егізді ешкім әкелмеген. Бірақ алғаш тексеруге барғанда-ақ мамандар үшем көтергенін айтыпты.
Таңнұры Жакина, Ақтөбе облысының тұрғыны:
-Өзім таң қалдым, шыны керек. Жолдасымның да ,менің тұқымымда жоқ. Өзіміз әке-шешеден төрт қызбыз ғой. Жолдасымда да дара-дара. Үшем де, егіз де болған жоқ.
Айы-күні жетпеген келіншекті қан қысымының көтерілуіне байланысты мерзімінен ерте босандыруға тура келген. Дегенмен, шала туған сәбилерінің жағдайы жақсы. Дәрігерлер кесір тілігі жасалған жердің жарасы жазылса, демалыстан соң перзентханадан шығарамыз деп отыр.
Сәнтай Бержанова, Ақтөбе облыстық перенаталдық орталығы директорының орынбасары:
-Балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Анасы емді жалғастырып жатыр. Қазір жағдайы жақсы. Балаларды емізіп жатыр. Күтімі жақсы. Сондықтан үйге шығаруға дайындаймыз.
35 жастағы Таңнұры Алға ауданында тұрады. Бұған дейін 4 бала туған. Олардың алды 13-те. Қатары үшеммен толыққанын естіген олар бауырларына ат қойыпты. Енді бұлардың есімі – Айбар, Қайсар, Санжар. Ал Таңнұры Жакина алтын алқалы батыр ана атанады. Ол үшін құжат рәсімдеуге Алға ауданы әкімдігі көмек етеміз деп уәде еткен. Сондай-ақ, мереке қарсаңында дүниеге келген үшемге көрімдіктерін де әзірлеп қойыпты
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!