Былығын жасыру үшін пара берген «Қазақавтожолдың» директоры бұрынғы атышулы депутат болып шықты
Астанада бүгін басқа да лауазымды шенеуніктер ұсталды. Қолдарына кісен салынған «Қазақавтожол»-дың бірнеше басшысы мен Есеп комитетінің қызметкерлері. Серікжан Мұқашев өзі басқаратын мемлекеттік компанияны тексеруге келген қос аудиторға 16 миллион теңге пара берген.
Автор: Жәудір Оразхан
20.12.2016
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның мәліметінше, Мұқашев республикалық жолдарды ұстап, күтуге деп бюджеттен бөлінген ақшаны талан-таражға салған. Сөйтіп, бұл былығына көз жұма қарау үшін Есеп комитетінен тексеруге келген екі аудиторға пара ұсыныпты. Ал 16 миллион теңгені «Қазақавтожол»-дың аймақтардағы филиалдарының басшылары жабылып жинап берген. Ұлттық бюро қызметкерлері Серікжан Мұқашевпен қоса оның орынбасарын, өңірлердегі бөлімше директорлары мен бас бухгалтерді және ауызбастырық алған Есеп комитетінің қос қызметкерінің де қолына кісен салды. Айта кету керек, Серікжан Мұқашев бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Мәжіліс депутаты болған. Экс-депутат «Эйр Астана» компаниясының ұшағында стюардессаны балағаттағаны үшін Мәжілістен кеткен еді. Қазір күдіктілердің барлығы тергеу изоляторында отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!