Түркиядағы қастандыққа байланысты Қазақстан шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде күзетті күшейтіп жатыр
Сондай-ақ, осы елдегі отандастарымызға қауіпсіздікке қатысты ескертулер жасалуда. Анкарадағы оқиғаға байланысты бүгін Елбасы ресейлік әріптесіне жеделхат жолдап, көңіл айтты. Түркия астанасында кеше Ресей елшісіне қастандық жасалған болатын. Анкарадағы көрменің ашылу рәсімінде сөз сөйлеп тұрған Андрей Карловты көптің көзінше күзет қызметіндегі полицей атып тастаған. 62 жастағы дипломат кейін ауруханада көз жұмды.
Автор: Диас Нұрақын
20.12.2016
Анкарадағы көрменің ашылуына келген Ресей елшісіне сөз сөйлеп тұрған сәтінде қастандық жасалды. Андрей Карловты қауіпсіздікке жауапты түрік полицейінің өзі арт жағынан келіп тапаншамен атқан. Қарулы шабуылдың қалай болғаны бастан-аяқ бейнекамераға түсті. Қаскөйдің де көздегені осы болғаны анық. Өйткені, дипломатты атқан соң ол мұны Сириядағы Ресейдің қылмысы үшін қайтарылған кек деп айқайлаған.
-Аллаһу акбар...
Қаскөйдің аты-жөні Мевлют Мерт Алтынташ. 22 жастағы полицей көптен бері Ресейдің Түркиядағы елшілігінің күзет қызметінде істеген екен. Қарулы тәртіп сақшысының күдік тудырмағаны да сондықтан. Алтынташтың өзі кейін оқиға орнына жеткен әріптестерімен атыс кезінде оққа ұшты. Осы жағдайдан кейін Түркия президенті дереу Путинге қоңырау шалған.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
-Елшіге жасалған шабуылдан кейін Путинмен телефон арқылы тілдестім. Бұл екі ел арасына іріткі салғысы келетіндердің әрекеті. Бұған еш күмән болмасын. Ресей тарапы тергеуге өздері де, араласқысы келетінін айтты. Біз оған қарсы емеспіз.
Ердоғанның пікірін Путинде қолдады. Бүгін мәлімдеме жасаған Ресей президенті ортада от жаққысы келетіндерді оңдырмаймыз деді.
Владимир Путин, Ресей президенті:
-Бұл қылмыс – енді ғана оңалып келе жатқан екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіргісі келетіндердің арандатушылық әрекеті. Сондай-ақ, Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға ниетті Ресей, Түркия, Иран секілді мемлекеттерге қарсылық деп қабылдаймыз. Сондықтан лаңкестікке қарсы күресті күшейтеміз. Біздің жауабымыздың қандай боларын олар әлі-ақ көреді.
Ел арасын елдестіретін елшіге оқ атқандардың әрекетін Қазақстан басшысы да сынап, ресейлік әріптесіне жеделхат жолдады. Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтып, лаңкестікпен күресте күш біріктіру керектігін жеткізген. Ал еліміздің сыртқы істер министрлігі осы жағдайдан кейін шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарына да қауіпсіздікке қатысты ескертулер жасалған.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
-Түркиядағы жағдайды қатыгездік деуге болады. Оның үстіне басқа емес құқық қорғау саласының қызметкері қастандық жасап отыр. Сондықтан бізде шетелдегі елшіліктер мен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғау үшін барлық шараны қолданамыз.
Дипломатқа қастандық ұйымдастырғандарды енді екі елдің тергеу тобы бірлесіп анықтамақшы. Қазір Ресейдің Түркиядағы елшілігінде күзет күшейтілген. Сондай-ақ, сақшылар АҚШ елшілігін де қарауылдап жүр. Өйткені түнде Анкарадағы АҚШ дипломаттары отырған ғимаратқа да қарулы азамат баса көктеп кірмек болыпты. Қайта оны полицейлер дер кезінде қолға түсірген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!