Алматы облысында тұрғындар аялдамаға әдейі тоқтамайтын жүргізушілермен тіресіп жүр
Алматы облысында қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмаған бір топ тұрғын бүгін айқайға басты. Талдықорғанға күнде қатынайтын жұрт автобуспен қуаласпақ ойнап шаршаған. Себебі, көліктің тоқтайтын орыны жүгенсіз жүргізушілердің қалауына қарай күн сайын өзгеріп отырады екен. Салдарынан, жұрт бақандай 15 шақырымды жаяу жүруге мәжбүр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
21.12.2016
Бұл тұрғындар таңертеңнен қуаласпақ ойнауды әдетке айналдырған. Алайда, қоғамдық көлікті кәсіби спортшы болмаса, бұлардың қуып жете алмасы анық. Автобустан қалып қойған жұрт, амалсыз 15 шақырымды жаяу жүріп өтеді. Себебі, Балпық би ауылы тұрғындарының көбі Талдықорғанға қатынап жұмыс істейді. Тек, қоғамдық көлік мәселесі мұнда жылдар бойы шешімін табар емес.
Рысма Кәрімова, Балпық би ауылының тұрғыны:
- Ескі автовокзалға келсем, бірде-бір автобус жоқ. Сөйтіп, өзге аялдамаға бардым. Онда да бірнеше сағат тұрдым. Ешқандай қоғамдық көлік келген жоқ. Осындай жағдай күн сайын қайталанады.
Сөйтсек, бар мәселе – тұрақсыз аялдамада екен. Мұндағы қоғамдық көліктер бүгін тоқтаған жеріне ертең тоқтамайды. Аялдама жүргізушілердің қалауына қарай өзгеріп отырады. Ал, автобусты күте-күте тағаты таусылғандар амалсыз таксиге отырады. Мұндағы, таксистер де жағдайды пайдаланып қызмет құнын шарықтатып жіберіпті.
Роза Демесінова, Балпық би ауылының тұрғыны:
-Автобустар бірде мына жерге, бірде келесі көшеге тоқтайды. Ал, біз әрі-бері жүгіріп, өз бағытымыздағы автобусты іздейміз. Сөйтіп жүріп кешігеміз. Біздің шенеуніктерден бір ғана өтінішіміз бар. Талапқа сай, тұрақты аялдама тұрғызып берсе екен.
Жұрт мұңын айтып, шенеуніктерге талай барған. Бұған дейін қимылдамаған шенеуніктер, енді жүргізушілердің әрекетін барып тұрған заңсыздық деп отыр. Негізі, тұрғындар көлікке тек автовокзалдан отыруы тиіс. Айтуларынша, бәріне кінәлі - тасымалдаушылар!
Михаил Гирихиди, Алматы облысы жолаушылар тасымалы басқармасының инспекторы:
-Мына микроравтобустар мен газельдер автовокзалға ғана тұрақтауы керек. Жолаушылар да автобусқа тек сол жерден отыруы тиіс. Ол үшін тасымалдаушы компания автовокзалмен келісім-шартқа отыруы керек еді. Ал, қазіргі әрекеттері заңсыз.
Шенділер аялдама мәселесін ретке келтіру үшін жылдар бойы күресіп жүр екен. Енді, қаңтарда мәселені қайтадан майшаммен қараймыз деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!