Петропавлда жылу құбыры жарылып, он үйдің жертөлесін су басып қалды
Сөйтіп, халықтың қысқа қамдаған азық-түлігі әп-сәтте бүлінген. Қайта қақаған аязда жылусыз қалған жұртты энергетиктер басқа желіге ауыстырып үлгеріпті. Ал орталықтандырылған жылу жүйесінің қызығын көрмесе де, кесірі тиген жер үйдің тұрғындары апаттан келген шығынды есептеп жатыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
21.12.2016
Мына кадрлардағы бұрқыраған буды жұрт өрт екен деп үйлерінен атып шыққан. Бірақ бу бәленің беті ғана екен. Жарылған құбырдан аққан ыстық су жер астымен барып, маңындағы үйлердің жертөлесіне құйыла бастаған. Шылқыған суды түнімен сорған 6 техника таңсәріде әрең тоқтатты.
Людмила Астаховская, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Ыстық су лап қойғанда, не істерімізді білмей састық. Жертөледен үлгергенімізше көкөнісімізді алып шықтық. Қазір кептіріп жатырмыз. Көрші әйел сумен арпалысып жүріп, қолын да күйдіріп алды. Әйтеуір, өзіміз аманбыз.
Бұл көшеге жылу құбыры осыдан 25 жыл бұрын тартылған екен. 50 жылға төтеп беруі тиіс материал жер асты суының кесірінен мерзімінен ерте шіріген. Жыл сайын жазда осы маңды қазып, шіріген құбырдың тесігін жамайтын энергетиктерге халықтың өкпесі қара қазандай.
Лидия Трубникова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Ақшаны әдеттегідей жымқырып, ескі құбыр төсей салған. Осымен біздің көшедегі құбырды 3-ші рет ауыстырып жатыр. Сонша шығынданғанша бір рет сапалысын төсесе болмай ма? Енді міне осы жылуға қосыла алмай, пеш жағып отырған бізге кесірі тиді.
Түні бойы апатпен алысқан энергетиктер таң ата 12 метр құбырды жаңасына ауыстырып, үстін көміп тастапты. Ал осы маңдағы жалғыз көпқабатты үйді өзге желіге қосқан.
Игорь Рыбас, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС директоры:
-Құбыр тым жұқарып, шіріп кеткен. Бұрындары оны жамап-жасқап көріп едік, болмады. Енді толығымен осы учаскені ауыстырдық. 50 жылға төтеп беруі тиіс.
Қазір қалалық әкімдік өкілдері үй-үйді аралап, шығын көлемін есептеп жүр. Бірақ оны кім өтейтіні белгісіз. Ал Петропавлдағы барлық жылу жүйесінің 70 пайызынан астамының шұрқ-тесік екенін ескерсек, мұндай апаттардың әлі де болуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!