Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысы бар Ішкі Істер министрлігінің шендісі қамауға алынды
Ақтөбе қалалық соты Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Рахат Ахановты қамауға алу туралы шешім шығарды. Полицей мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты қорғаштаған деп айыпталып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.12.2016
Ол аймақтағы қара алтын айналасындағы қарақшыларды жақсы білген. Айыптау қорытындысына қарағанда, қорғауға алғаны үшін «Ағайынды төртеудің» серкесі Еркін Ізбасардың сыбайластарынан ақша алып отырыпты. Рахат Аханов өзінен тергеушілер сезіктеніп жатқанын министрліктегі әріптестерінен біліп қойған екен. Сондықтан істің мән-жайын білмекке Ақтөбеге келуді жоспарлағанын сотқа жеткізді. Ол осы өңірдегі ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып бес жыл қызмет атқарғанын да айта кетейік. Жаздағы лаңкестік оқиғадан соң жұмысынан кетіп, кейін Астанаға жұмысқа щақырылған болатын. Күдікті сотта өзінің қан қысымы көтеріліп, денсаулығының сыр беріп жүргенін айтты. Дегенмен, мемлекетті айыптаушылар тергеуге кедергі келтірмеу үшін оның қамауда болғаны дұрыс деп отыр.
Айбек Шоқпаров, мемлекеттік айыптаушы:
-Аханов 2014-2016 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып тұрғанда бас пайдасын ойлап, қылмыстық топпен байланыста болған. Мұнай ұрлығына көз жұма қарап, ол үшін ақша алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!