Қарағанды облысында жол азабын тартқан жұрт шу шығарды
Қарағанды іргесіндегі Тұзды ауылының бір бөлімшесі өркениет ырзығынан қағылып отыр. Тұрғындар ауыз су және жол мәселелерінің шешілмей жатқанын айтуда. Қалаға 5 шақырым ғана жерде орналасса да, Бұқар жырау ауданына қарасты 50 түтінді елді мекенге қазір қатынас қиындаған. Өйткені қар түскен жол апталап тазаланбай жатады екен. Осы себепті оқушылар мектепке 5-6 шақырым жерге жаяу қатынап жүргенін де айтады. Ең сорақысы, жолсызда жедел жәрдем де жете алмай, науқастар қатты қиналады екен.
Автор: Саят Сабдалы
22.12.2016
Ауылға жедел жәрдем 3 сағатта әрең келгенімен науқастың үйіне ақыры жете алған жоқ. Сондықтан дәрігерлер кіре берісте көліктерін тастап қобдишаларын сүйретіп омбы қарды кешуге мәжбүр. Бір апта бойы тұмауратып жатқан Русланды қарап шыққан ақ халаттылар ауруы асқынғандықтан оны бірден қалаға алып кететін болды.
Рима Башарова, Тұзды ауылының тұрғыны:
-Былтыр әкемнен айырылып қалдық. Жедел жәрдем қар басқан жолдан жете алмай үш сағатқа жуық кешіккендіктен жүрек талмасынан көз жұмды. Енді балам үшін алаңдаймын. Бәрінің уайымы сол. Мектепке жаяу баратын балалардың барлығы суық тиіп жатыр.
Ал Русланның қатарластары бірнеше шақырымды артқа тастап мектептен жаяу келе жатыр. Алып кететін ешкім болмаса боранды күндерде қиын дейді балалар.
Сабина Мұхамедиярова, мектеп оқушысы:
-Қыста қиын болады. Өйткені осы жерден Сортировкага дейін 7 километр жүреміз. Біз бірінші сабақтарға ғана кешігеміз, қалған сабақтарға кешікпейміз. Бүкіліміз жиналып жаяу үйге қайтамыз.
-70 -ші жылдардан бері Теміртау қаласы, Октябрь және Бұқар жырау аудандарының құрамына кезек кезек ауысқан ауыл тұрғындарын, әсіресе, жол мәселесі қинайды. Өйткені ауылдан шағатын жолдың 1 жарым шақырымы ғана аудан балансында болса, қалған 3 жарым шақырым жолдың иесі жоқ. Сондықтан оны жөндеуге немесе тазалауға заң жүзінде құқығымыз жоқ дейді.
Бұқар жырау ауданына қарасты елді мекен Тұзды ауылының бір бөлімшесі. Кеңес ыдырағасын жай күйі нашарлағаны көзге ұрып тұр. Аудан басшылығы басқасын қойғанда жол мәселесін бір жайлы етпегендіктен тұрғындар түгіл ауыл әкімінің өзі бөлімше басқа ауданның құрамына өтсе дейді.
Сәуле Бекжанова, Тұзды ауылының әкімі:
- 70 шақырым жерден кеп біз тазаламаймыз. 5 шақырым жердегі Сортировканың тракторлары келіп тазалауына болар еді. Облыс маслихатының шешімі бойынша шешілуі мүмкін. Октябрь ауданы өзіне алса өте жақсы болар еді.
Ауыл жұрты да қаланың қарамағына өтсе, ауыз суға қарық боп, жол қатынасының түзелетіне сенеді. Сондықтан қол жинап депутаттардың қарауына жолдап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!