Әлемде еуроның құлдырауы Қазақстанға қаншалықты әсер етеді?
Еуро күн санап құнын жоғалтып жатыр. Кәрі құрлықтың ортақ валютасы бүгін KASE-нің күндізгі сессиясынан кейін 347 теңгеге түсті. Сөйтіп, соңғы бір айда 10 теңгеге құнын жоғалтқан. Сарапшылардың да болжамы көңіл көншітпейді. Еуро алдағы уақытта да құлдырап, тіпті жақын күндері құны доллармен қарайлас болып қалады дейді олар. Ал, қаржы нарығындағы ахуал алдымен сол мұнай бағасына байланысты. Таяу шығыстағы ахуал мен миграция мәселесі де еуроның құлдырауына әсер еткен болуы мүмкін дейді мамандар.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.12.2016
Еуропа одағының ортақ валютасы күн санап құлдырауда. Бүгін ол елімізде 347 теңгеден сатылып жатыр. Яғни, валюта бір аптада 5, ал бір айдың ішінде 10 теңгеге құнын жоғалтқан. Тіпті, сарапшылар бұл еуроның әлсіреуінің шегі емес дейді. Жақын арада оның құны доллармен теңесіп, келер жылы тіпті АҚШ валютасынан да арзандай түсуі мүмкін.
Вадим Иосуб, Альпаридің аға сарапшысы:
-2017 жылдың қаңтар айында еуро доллардан да арзан болады. Және ол жыл бойы одан әрі құлдырай түседі. Еуропа валютасының бағамы 95центке дейін түседі деп болжап отырмыз.
Еуро мен доллардың ара қатынасы тікелей мұнай бағасына тәуелді. Ал, қара алтын бағасы қазір тұрақсыз. Оған деген сұраныс та едәуір азайған. Таяу Шығыстағы жағдай мен миграция да кері әсер етті дейді мамандар.
Әнуар Шелекбаев, экономист:
- Дағдарысқа байланысты, экономикалық тұрақты өсуі әлі болмай атыр. Еуропада да, Америкада да. Сосын өсуінің өзі төмен ғой.1-2 пайыз деген сықылды. Америка , Еуроодақт енді осылар шешуші елдер ғой.Бұлардың да әлі тұрақты экономикасы өсіп жатқан жоқ.
Еуроның құлдырауы Қазақстан экономикасына сөзсіз кері әсер етеді дейді сарапшылар. Бұл жағдай елімізде тағы да қымбатшылыққа әкеледі. Дегенмен, Еуроодақ валюта бағамын әдейі түсірген деген де болжам бар.
Әнуар Шелекбаев, экономист:
- Еуроодақ сыртқа көбірек шығарғысы келсе экспортқа, тиімді болу үшін өздерінің валютасын еуроны төмендетеді, құлдыратады. Доллармен салыстырған уақытта.
Қазірдің өзінде еуро Ресей рубліне шаққанда АҚШ валютасына теңесіп қалған. Яғни, 1еуро 64 рубльге, ал доллар 61 рубльге пара-пар. Енді, қара алтын құны тұрақтанбай, әлемдік экономикадағы жағдай да қалыпқа келмейді дейді сарапшылар. Ал, АҚШ өзіндегі мұнайды өндіре бастаса жағдай тіптен ушықпақ. Мамандардың айтуынша, экономикадағы жағдайдың қалыпқа келуіне кемі 10 жыл қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!