Елімізде электр энергиясының бағасы арзандауы мүмкін
Елімізде 2020-шы жылға қарай электр энергиясының құны еселеп арзандауы мүмкін.Үкімет аймақтардағы жарық тарататын ұсақ компаниялардың барлығын біріктіріп, арадағы делдалдардың санын қысқартпақ. Сонда тариф те төмендейді екен.
Автор: Жәудір Оразхан
22.12.2016
Қазір Қазақстанда тұтынушыға жарық жеткізіп беретін 160 мекеме бар. Шағын компаниялар, әсіресе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облысында көп. Мәселен, бір Қарағандының өзінде тұрғындарға 42 мекеме электр энергиясын таратады. Делдал көп болғандықтан бұл өңірде тариф те жоғары. Енді Энергетика министрлігі осындай ұсақ компанияларды алдағы 4 жылда кезе-кезеңімен біріктіріп, оларға талапты күшейтпек. Сондай-ақ, иесіз жатқан электр желілерін жаппай тіркеуге алмақшы. Шенеуніктер ол үшін арнайы заң жазып, бүгін Мәжіліске алып келді. Депутаттар құжатты қолдаса, 2020 жылға дейін өңірлерде қуат көзін тарататын санаулы компания қалады. Сөйтіп, кейбір облыстарда жарықтың құны 21 пайызға дейін арзандайды екен. Бұл әзірге болжам ғана. Бірақ атқамінерлер қазірдің өзінде қай қаланың қанша төлейтініне дейін есептеп қойған.
Сұңғат Есімханов, Энергетика министрлігі, Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:
-Мәселен, Жезқазған тұрғыны электр энергия үшін 18-20 теңге төлесе, оның 5 теңгесі кіші компанияларға тасымалдау үшін төлейді. Егер ол кетсе, ірі компанияның тарифі 4 теңге болса, ол екеуі қосылып ешқашан 9 теңге болмайды. Ол 6 теңге болуы мүмкін. Сондықтан Жезқазған тұрғынына тариф 2-3 теңгеге ғана азайуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!