Астана мен Теһран жиһадшыларға бірігіп тойтарыс бермек
Исламды терроризммен байланыстыруға мүлдем болмайтынын айтқан Қазақстан және Иран президенттері бүгін Ақордада келіссөз жүргізді.
Автор: Ербол Сейілхан
22.12.2016
Еуропа мен АҚШ-тың санкциясынан құтылған Теһран қазір тұралап қалған сауда-саттықты қайта қолға алып жатыр. Сондықтан аймақтағы ең ірі мемлекет ретінде Орта Азияға саяси ықпалын күшейтумен шектелмей, үлкен коммерциялық жобаларын іске асыруға кіріскен. Иран ең алдымен қазақтың металы мен астығына зәру. Тонналаған алтын дән тікелей салынған теміржол арқылы тасымалданып, әрі қарай Парсы шығанағы елдеріне экспортталуда. Тіпті Астана Каспийдегі Иранға тиесілі аумақтан жаңа терминалдар тұрғызып жатыр. Осындай алыс-берістің көлемін арттыруды талқылаған Хасан Рухани мен Нұрсұлтан Назарбаев, Сириядағы соғысты айналып өткен жоқ. Тараптар Дамаскідегі қанды қырғын келіссөзбен шешілуі керек дейді.
Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының президенті:
-Сирия мен Ирактағы соғыс қатты алаңдатып отыр.Ұзаққа созылған қақтығысты келіссөзбен шешіп, бұл мемлекеттерде тыныштық орнатуға тиіспіз. Сонымен қатар Орта Азия елдерімен күш біріктіріп аймақта терроризмнің жайылуына жол бермеуіміз қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Иран тарапы Қазақстан аумағында геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүдделі. Біз бұны қолдаймыз. Бұдан бөлек, әуе қатынасы жөнінде келіссөз жүргіздік. Бұған дейін «Алматы-Теһран» рейсі болса, енді «Астана -Теһран»рейсін ашауға келістік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!