Премьера! «Алмас қылыш» үлкен экранға қаңтардан бастап шықпақ
«Көшпенділер» трилогиясы тағы бір фильмге арқау болды! «Алмас қылыш» романының негізінде түсірілген тарихи кинотуынды жуырда көрерменге жол тартпақ. Онда тарихтағы маңызды оқиға – Қазақ хандығының құрылуы бейнеленген. Жұртты ұзақ күттірген картина қаңтардың бесінен бастап үлкен экранға шығады. «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы бүгін журналистерге көрсетілді. Түсірілімі 2 жылға созылған туындыны алғашқы көрермендер жоғары бағалауда.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
27.12.2016
«Алмас қылыш» - көрерменді еріксіз 15 ғасырдың ортасына жетелейді. Дәл сол тұста Алтын орданың құлағаны тарихтан белгілі. Фильмде осы оқиғадан кейінгі ел басына түскен күн суреттелген. Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп, өз ұлыстарын құру жолындағы кескілескен күресі иісі қазақты елең еткізбей қоймайды. Жазықсыз төгілген қан, қайғыдан аққан жас. Тарих жылнамасындағы осындай қиын жылдардан кейін ақыры қазақ жұрты Керей ханды ақ киізге отырғызып, хан сайлайды. Сөйтіп, бүгінгі тарихымыздың бастауы – Қазақ хандығы құрылады.
- Алаш! Алаш!
Туынды Ілияс Есенберленнің «Алмас қылыш» романының желісінде түсірілген. Ал идея авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.Тамыры терең тарихымыз бейнеленген туындының тағдыры да қиын болған. Түрлі кедергілер шығып, туындының түсірілімі 2 жылға созылды. Ал, оны жарыққа шығару үшін 500-ден астам адам тер төгіпті.
Рүстем Әбдірашов, режиссер:
- Костюмдердің біразы сьемканың алдында тігіліп, сол жердегі машиналардың ішінен площадкаларға келіп жатты. Уақыттың тығыздығына байланысты. Қаншама неше түрлі жануарлар үйретілді, түйелер болсын, бұқалар болсын, жылқылар болсын, оған да уақыт керек.
Бұған қарамастан, картина сәтті шыққан. Оны алғашқы көрермендердің пікірінен байқауға болады. Тарихшылар да туындыға оң бағасын беріп жатыр.
Талас Омарбеков, тарихшы:
- Бұл картина біздің жастарымызды тарихи санамен тәрбиелеуде, ұлттық рухымызды көтеруде. Мәңгілік ел боламыз деген қағидамызды ұстануда алатын тәрбиелік орны, рухани мәні, саяси орыны орасан зор.
Туындының режиссері Рүстем Әбдірашов мұнымен шектелмейді.
Алдағы уақытта тағы осындай тарихи туындыларды қолға алмақ. Енді «Қазақ елі» сериалы келер жылдың наурызында республикалық телеарналардан көрсетіледі. Ал «Алмас қылыш» картинасы қаңтардың бесінен бастап үлкен экранға шығады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!