{metadescription}
 Астананың вокзалындағы  ақылы тұрақтардың жұмысы даумен басталды
 Астананың вокзалындағы  ақылы тұрақтардың жұмысы даумен басталды

Астананың вокзалындағы ақылы тұрақтардың жұмысы даумен басталды

Астананың вокзалында бүгіннен бастап іске қосылған ақылы тұрақтардың жұмысы даумен басталды. Себебі вокзалға көліктерімен кіргендер қайтып шыға алмай, ұзақ уақыт кептелісте тұрып қалған. Оның үстіне, кісі қарасы көп жүретін аумаққа бар-жоғы 2 өткізу бекеті қойылыпты. Жүргізушілердің енді бұл шаруаны да келістіре алмаған әкімдікке өкпелері қара қазандай.

Кірсең - шықпайсың! Бүгін көлігімен вокзалға келген жүздеген жүргізуші тұтқынға түскендей күй кешті. Тіпті бірнеше сағатқа созылған кептелістен әбден жүйкелері жұқарғандар, полицейлердің жағасына жармасуға шақ қалды.

-Шешіңдер мәселені тезірек.

Адамдардың қызылкеңірдек болуына Астана вокзалының аумағына кіру үшін төленетін ақша. Оның алғашқы 30 минуты тегін. Осы уақыт ішінде шаруаларын жылдам шешіп кері қайтпақ болғандар кептеліске тұрып қалған. Өйткені, бар-жоғы 2 шлагбаум иін тірескен машиналарды кері шығарып үлгермепті.

Аслан Басмағамбетов, Астана қаласының тұрғыны:

-1,5 сағат бойы тұрмын.  Жүрегім ұстауға қалды. Адам қарсы алуға келіп ем, қор қылып жатыр.

Ашулы жүргізушілер талон беретін құрылғыны да жөнді істемегені үшін тоқпақтап жатыр. Ашуланатындай реті бар. Себебі ақылы тұрақтың 30 минуты тегін болғанымен, екі сағатқа кешіксеңіз 200 теңге төлейсіз. Бір тәулік қалып қойса 1800 теңгені санап беруге тура келеді. Оның үстіне, неге екені белгісіз далаға паркомат қойылмаған. Осы құрылғыға ақша салу үшін адамдар вокзал ғимаратына жүгіруге мәжбүр.

Константин Добрый, Астана қаласының тұрғыны:

-Тұрақтан уақытылы шығып үлгермегенім үшін төлемді неге далада тұрып төлей алмаймын? Неге уақытымды жоғалтып вокзалдың екінші қабатына көтерілуім керек? Жаңа ережеге қарсы емеспіз. Алайда, шалалық көп.

Бірақ, бұл іске жауапты компанияның айтуынша, кептеліс ақша төлегісі келмейтіндердің кесірінен орын алған. Дауды  ушықтырғысы келмеді ме, әйтеуір олар уақытынан кешіккен жүргізушілерді тегін өткізді.

Рустам Халилов, "Астана LRT" ЖШС өкілі:  

-200 теңгені де төлегісі келмейді. Адамдардың көбі вокзал аумағын жеке тұраққа айналдырып алған. Енді әр сағат үшін ақша төлеу керектігін білгенде, жаппай кетіп жатыр. Әрине, тесттік режимде іске қосылғандықтан олқылық бар. Оны мойындаймыз.

Сол олқылықтың бірте-бірте жойылатынына жауаптылар сендіріп отыр. 250 орынға шақталған тұрақты кеңейту де жоспарда бар екен. Сондықтан компания басшылығы, жаңа жүйе бір ізге түсіп кеткенше, түсіністікпен қарауды сұрап отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде