Шымкентте мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген үйдің қабырғалары қақырап жатыр
Шымкентте мемлекеттік бағдарлама бойынша мүгедектер мен жетімдерге берілген үйдің қабырғалары қақырап, іші азынап тұр. 9 қабатты ғимарат былтыр ғана пайдалануға берілген болатын. Бірде газы өшіп, бірде жылусыз қалатын үйде құбырлар да жарылғыш екен. Жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған қара халықтың өзі баспанасын жамай-жамай ығыр болыпты.
Автор: Бек Әбиев
12.01.2017
-Бұл көпқабатты үйдің мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, пайдалануға берілгеніне бар-жоғы бір-ақ жыл. Мұнда пәтер кезегінде жылдар бойы тұрған жетімдер, жалғызбасты аналар мен мүгедектер тұрады. Дегенмен, сырты бүтін көрінетін бұл үйде түйткіл кіре берістен-ақ шаш етектен.
Қар мен жаңбыр жауса шатырдан аққан су есік алдында көл болып, іргетасты шайып жатады. Подъезден бастап сынған плиткалар мен жарылуға айналған қабырғалар бұл тұрғындар үшін қалыпты көрініске айналған. Ал пәтерлерде тұру қауіпті.
Қабырғадағы жарықтар мен сылақтың опырылып түсіп жатқанын мұндағы жұрт шенеуніктерге сан мәрте айтқанымен, төбе көрсетпеген басшылар тілшілер келеді деген соң жедел сылатып қойыпты. Енді айқыш-ұйқыш сыланған қабырғаларды тұрғындар өздері түзетіп жүр. Суық үйде отыра алмай, көпшілігі туыс жағалап кеткен. Бұл үйдің жертөлесі де белуардан су.
Сәлимаш Ыбырайымова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Оның ішіндегі бұйымтайы сапасыз жасалған. Өте қиын. Су иістене бастады.
Көп отбасы мұнда газды сөндірмейміз дейді. Себебі жылу мәз емес. Алайда үгітіліп жатса да, көпқабатты үй шенеуніктердің көңілінен шығып отыр. Себебі, пайдалануға берілмей тұрып әбден тексеріпті. Оның үстіне үйдің әр бүлінген тұсын мердігерге айтып жөндетіп отырмыз дегенді алға тартты.
Абай Тұрханов, Шымкент қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
-Қабырғалар құлап түссе, жарықшалар пайда болса, шатырдан су аққан жағдайда мердігер мекеме 5 жылға кепілдік береді. 15-ші жылдан 20-шы жылға дейін мердігердің мойнында оның бәрі.
Яғни тұрғындар жұмыс сапасының кемшілігі үшін әлі 20-шы жылдың соңына дейін әкімдікке шағым түсіріп, тегін жөндетуіне болады. Енді кем-кетікті жеткізуші ел шенеуніктерге жаппай ағылар болса, мердігер компанияның бұл үйден шықпай жұмыс істеуіне тура келмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!