Алматы тұрғыны Сағадиевке видеоүндеу жолдады
Сабақ оқимын деп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған! Мектеп оқулықтары баланың миын ашытады деген алматылық тура Білім министріне видеоүндеу жолдады. Бір пән бойынша оқытылатын бірнеше кітап, әсіресе, бірінші сынып оқушыларына тым ауыр дейді ол. Сондай-ақ, видеоүндеу авторы қағаз толтырудан қолы босамайтын мұғалімдерді де бұл әурешіліктен арашалауды сұраған.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.01.2017
-Ағылшын – бір емес,екі кітап. Математикамыз – міне, екі түрлі кітаптан тұрады.
Бұл – биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған кішкентай Еркеназдың оқулықтары. Анасы Салтанат күн сайын сабаққа қанша және қандай кітаптар арқалап баратынын жақсы біледі. Өйткені алты бірдей пәннен берілетін қиын тапсырмаларды қызымен бірге орындайды.
Салтанат Тәжиева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Күнде жылайды. Өте қиын. Есептерін шығару қиын. Есептің теңдеулері ол үш таңбалы санға кетіп қалады. Ешқандай жүйесіз. Біз ондықтан кейін бірден үш таңбалы санға өтіп кетеміз.
Оқулықтардағы қиын тапсырмаларды орындау бала түгілі ата-ананың өзіне ауыр дейді Салтанат. Қызының оқу үлгерімі төмендемес үшін тіпті жұмысқа да шықпай, сабақ оқытайын деп әдейі үйінде отыр. Әсіресе, төменгі сынып оқушысы түсіне алмайтын сұрақтар келгенде тіпті қиналатынын айтады.
Салтанат Тәжиева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Оларға тіпті, ата-ананың өзі жауап бере алмайды. Менің қызыма психолог мамандардың көмегі керек болады. Өйткені оның мектепке барғысы келмейді. Біріншіден, сөмкесі ауыр, екіншіден балаға ешқандай өзін дамытуға арналған уақыты қалмайды.
Баланы дамытуға мұғалімдердің де уақыты жоқ екен. Күні бойы әр баланың оқу үлгерімі жөнінде есеп дайындайтын олар оқушымен жұмыс істеуді ұмытты дейді. Қызының жағдайына жаны ауырған Салтанат бұл білім жүйесін сынап, тура министрдің өзіне видеоүндеу жолдады.
-Қоршаған ортамен таныстыру, экология негіздері. Бұл жердегі қойылатын балаға сұрақ, қызыл кітапқа енетін қазақстандық құстарды белгілеңдер. Ал енді 0 –ші сыныпқа жасы алтыға толмаған, бес жастағы балалар барып жатыр. Бес жастағы бала қызыл кітаптың не екенін қайдан біледі?
Әлеуметтік желіде жарияланған Салтанаттың бұл үндеуін бір күннің ішінде 85 мың адам қарап, 7 мыңға жуық оқырман бөлісіп үлгерген. Қызу талқыға түскен қоғамдық мәселеге Білім министрлігі назар аударыпты. Ондағылардың айтуынша, қиын тапсырмалар балалардың ойлау жүйесін дамытуға арналған. Сол арқылы ғылымның күрделі салалары жөнінде осы бастан хабардар етпек. Сондай-ақ, оқулықтардың салмағы да 2 келіден аспайды деп сендірген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!