Ақтаулық үлескерлер тағы да наразылық білдірді
Жарты жылдан бері өз үйіне кіре алмай жүрген жұрттың уақыт тіркеу туралы ереже шыққалы тынышы қашқан. Себебі, құрылыс компаниясы мен жер иесі арасындағы даудың құрбаны болғандар қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Бірақ ешбірі уақытша тіркеуде жоқ. Енді, үлескерлер сол үшін қыруар айыппұл арқалаймыз ба деп қорқып отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
16.01.2017
Жұрт су жаңа үйлерін сырттай қызықтаумен ғана жүр. Бұған себеп, нысанды салған құрылыс компаниясы мен жер иесі арасындағы жанжал. Міне, енді солардың кикілжіңі жұртты заң бұзушылыққа итермелеуде. Себебі, қазір үлескерлердің басым бөлігі жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Жұрт енді оны ай сайынғы ақысы мен коммуналдық төлемнен бөлек, айыппұл да арқалаймыз ба деп алаңдайды.
Назгүл Исақова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Екі балам бар. Өзім жалғызбасты анамын. Тіркеуде болмағасын, қазір тұрып жатқан пәтерімнен шығуыма тура келеді. Себебі, үй иесі менің кесірімнен айыппұл арқалағысы келмейді. Енді 2 баламен қайда барамын?!
Бұл – 200-ге тарта үлескердің басындағы жағдай. Бір қарағанда үй пайдалануға беруге дайын. Бірақ бірнеше айдан бері онда не жылу, не жарық жоқ. Пәтерлердің құжаты да жұрттың қолына тимей отыр. Құрылыс компаниясы жер иесі келісімді бұзып, артық ақша сұрады деп айыптауда. Ал қарсы тарап керісінше мердігердің алдап соққанын айтады. Десе де, жұрттың мұны ойлайтын шамасы жоқ. Үлескерлер тек өз баспанамыздан айырылып қалмасақ дейді.
Роза Мейіржанова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Қаңғып үй жалдап жүрміз. Қымбатшылық тағы бар. Шаршап кеттік.
Ал көші-қон полициясын жұрттың басындағы жағдай алаңдатпайды. Заң бәріне ортақ. Сондықтан тәртіп сақшылары бұл мәселені тез арада шешуге кеңес берді.
Рената Үмбетәлиева, Маңғыстау облысы ІІД көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы:
-Бірінші ақпаннан бастап пәтерлерді тексеру барысында тіркеуі жоқ азаматтар анықталса әлеуметтік жауапкершілікке тартылады. Жалға берушілер де жазадан құтылмайды.
Тіркеуі жоқ азаматтарға салынатын бастапқы айыппұл көлемі 16 мың теңге. Ал, келесіде бұл баға екі еселенеді. Мұндай ақша бар қаржысын жаңа пәтерге құйған үлескерлердің қалтасына ауыр түсері анық. Сондықтан олар тез арада өз баспанамызға кірсек дейді. Алайда серіктестердің әлі бір-бірін сотқа сүйреп жүргеніне қарағанда мәселе әзір шешілмейтін сыңайлы. Тіпті жұрттың пәтерсіз қалу қаупі де жоқ емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!