Бішкектегі апаттан соң әуежай маңында тұратын жұрт көшуді ойлап жатыр
Әуежай маңындағы қорқынышты өмір! Бішкек түбіндегі қайғылы оқиғадан кейін еліміздің тұрғындары үрейлене бастады. Себебі, әуежайларға жақын тұратын мыңдаған жұрттың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Десе де, стратегиялық нысанның маңайына үй салуға заңда рұқсат етілген. Ал, ұшақ астында қалудан қорқатын жұрт қауіпті жерден көшкілері келеді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
17.01.2017
Көптің үрейін ұшырған – Бішкек түбіндегі қайғылы оқиға. Өйткені еліміздегі әуежайлар да елді мекендерге жақын орналасқан. Стратегиялық нысанды жағалай қоныс тепкендер көп. Сол тұрғындар қырғыз еліндегі апаттан соң, ұшақ астында қаламыз ба деп қорқа бастады.
Мәлік Тайшиев, Орал қаласының тұрғыны:
-Кей уақытта үйдің төбесімен ұшып бара жатқандай болады. Қорқынышты.
Күндіз-түні төбесінен ұшақ өтетін елді-мекендер, әсіресе, Алматыда көп. Қызылту, Гүлдала, Әлмерек сынды бірқатар ауыл тұрғындары ұшақтың гүрілімен оянып, сол дыбыспен ұйқыға жатады.
Гүлниса Смайылова, Қызылту ауылының тұрғыны:
-Бішкектегі апатты көріп бұл жерден көшуді ойладық. Ол жағдай бізде қайталануы мүмкін ғой. Оның үстіне қазір ұшақ екі күннің бірінде құлап жатыр.
-Тұрғындардың көбі қауіпті жерден тез арада көшіп, уайымсыз өмір сүруге асығады. Ал енді бірі мұнда өз еркімен қоныс аударуда. Мәселен, көрген адамның көзі қызықпай қоймайтын мына су жаңа үйлер әуежайдың дәл қасына салынған. Тіпті, арадағы қашықтық 100 метрге де жетпейді.
Қызылту тұрғындарына Манас әуежайының маңында болған жағдай таңсық емес. 4 жыл бұрын жолаушылар ұшағының осы ауыл маңында құлағаны есте. Апаттан 21 адам қаза тапты. Қайта ол кезде, жердегі жұрт зардап шеккен жоқ. Алматы әуежайын жағалай орналасқан нысандарының бәрі заңды екен. Бірақ бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Тіпті кейде осындай нысандардың өзі ұшуға кедергі келтіретін көрінеді. Сондықтан, арнайы ереже бойынша, әуежайдан 4 шақырым қашықтыққа дейінгі кез-келген құрылыс нысаны рұқсатпен салынуы қажет. Ал, биіктігі 45 метрден асатын, яғни көпқабатты ғимараттар 15 шақырымға дейін әуежай басшылығының мақұлдауымен тұрғызылады.
Александр Гордеев, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті:
-Ережеге сай келмейтін, заңсыз құрылыстар анықталса, бірден сотқа береміз.Сосын ғимарат сүріліп, иесінің аумақты босатуына тура келеді. Соңғы жылдары мұндай жағдай болған жоқ. Ал, заңсыз қоқыс алаңдары жиі анықталады. Біз олармен күресіп келеміз.
Арнайы заңға сәйкес, ауыл шаруашылығы нысандары мен қоқыс полигондары да әуежайдан 15 шақырым алыста орналасуы керек. Өйткені, мұндай орындарға құстар үйір. Ал қанаттылар ұшақты апатты жағдайға әкелуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!