Алматылық карикатурашы әнші Болмановқа жауап берді
Қыдырәлі Болманов алматылық карикатурашымен соттасқалы жатыр. Атақты әнші суретшінің туындысынан ар-намысым қорланды деп, ел алдында кешірім сұрауды талап етті. Даулы карикатурада Болмановқа ұқсайтын ер адам төсекте ойланып отыр. Ал оның жанында жалаңаш әйел ұйқыға кеткен. Ал оны салған шебер суреттің Болмановқа қатысы жоқ жәй шығарма екенін айтады. Бірақ танымал жұлдыз карикатурадан өзін жазбай танығандықтан, сотқа құжаттарын дайындауға кіріскен.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.01.2017
Болмановтың шамына тиген карикатура қазір интернетте хитке айналып кетті. Онда танымал әншіге ұқсайтын ер адам төсегінде қалың ойға батқан. Арғы жағында жалаңаш әйел теріс қарап ұйықтап жатыр. Киімінде «Қ» деген әрпі бақырайып тұр. Карикатураны намыс көрген ол авторынан ел алдында кешірім сұрап, суреттің өзін өшіріп тастауды талап етті. Алайда суретшінің айтуынша, картина біреуді келеке қылу емес, уақытша тіркеу туралы заңды ащы мысқыл арқылы жеткізу мақсатында туғанын айтады. Сондықтан Болманов алдымен карикатурадағы нағыз өзі екенін дәлелдеп берсін деп отыр.
Мұрат Ділманов, суретші:
-Бұның типажы Қыдырәліге ұқсайтын кісі. Ол нақты Қыдырәлі деп еш жерде жазған жоқпын. Ол ұқсайды. Сотта көре жатармыз. Ал былай кешірім сұрамаймын.
Ал әнші суреттен өзін жазбай таныпты. Тіпті даулы карикатураны сараптамаға беріп қойған. Бірақ заңгерлердің айтуынша, сараптаманың қорытындысы сотта толық дәлел бола алмайды.
Жандос Тұяқов, адвокат:
-Ешқандай сараптама бұл Қыдырәлі Болманов деп жүз пайыз көрсете алмайды. Өйткені, ол заң талаптарына қайшы болады. Сарапшы тек қана суреттегі адамның Болмановқа қанша пайыз ұқсастығы бар,соны пайызбен негіздей алады.
Бұл жанжалға атақты әншінің бір басылымға берген сұхбатында жер митингісіне қатысты айтқан сөзі май құюы мүмкін. Себебі Болманов былтыр жазда жерге қатысты шудан халықтың назарын бұру үшін тоқал аламын деп елді дүрліктірген. Кейін онысы өтірік боп шықты. Ал ұлт үшін қызмет қылып жүргенін айтқан жұлдыздың өзі сұхбат беруге қарсылық білдірді.
Дегенмен, екі тарап жақын күндері жүздесіп, мәселені өзара түсіністікпен шешіп көрмек. Дау сонымен бітпесе, әрі қарай сотқа кетуі мүмкін. Карикатура шебері ол жағдайға да дайын екенін айтады. Тіпті қазірдің өзінде тегін адвокаттық көмегін ұсынғандар табылып жатыр екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!