Бішкекте ұшақ құлаған саяжай тұрғындары үйлеріне кіруге қорқып жүр
Бішкек маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен тұрғындар үйлеріне орала бастады. Бірақ апаттан қатты шошынған жұрт енді баспанасында жанын шүберекке түйіп отыр. Себебі көп үйдің қабырғасы қақырап, шатыры опырылған. Ал жергілікті билік әлі күнге дейін келтірілген материалдық шығын көлемін есептемегені былай тұрсын, өтемақы төлеу мәселесін қозғамаған да.
Автор: Олжас Байжан
19.01.2017
-«Авиатор» саяжайында электр жарығы қалыпқа келтірілген соң жұрт үйіне қайта бастады. Жедел жәрдем мен құтқарушылар оқиға орнына жеткенше бірінші болып көмек көрсеткендердің өздері қазір жәрдемге мұқтаж. Басқа барар жері жоқ жандар баспанасының қатты зардап шеккенін алға тартуда.
8 жыл бұрын саяжайдан дайын үй сатып алған Тоқубаевтар отбасы өз баспанасына бүгін жүрексіне кірді. Себебі, айналада аман қалған бірде-бір үй жоқ. Ата-әжесі мен қос қарындасы мерт болған 8 жасар Жақсылықты да үйінді астынан осы Тоқубаевтар шығарып алған екен.
Мирлан Тоқубаев, саяжай тұрғыны:
-Оң жағымдағы, сол жағымдағы, артындағы үйлердің барлығы жермен жексен болды. Үйдегі балаларым ұйықтамай шығады. Қазір укол алып, дәрі ішіп жатамыз.
Бұл үй аман қалғанымен, айтарлықтай зақымданған. Алып ұшақтың қозғалтқышы бірнеше метр жерде тоқтапты. Ал басқа бөлшектері шатыр мен бір қабырғасына соғылып, жырақтар пайда болған.
-Төбе ортасына түсті. Түк қалмады.
2013 жылы да осы жерде әуе апаты болған. Ол кезде Қырғызстанның жастар баскетбол командасы түгел қаза тапты. 4 жылға жуық уақыт өтсе де, әуежай маңындағы елді-мекендердің мәселесі сол күйі кешілмегені көрініп тұр.
Гүлзана Омурова, саяжай тұрғыны:
- Жүрегімізде қорқыныш қалып қойды. Біздің балаларымызды ойлап, басқа жаққа көшірсе екен. Әуежайдан 3 шақырым алыс болуы керек екен. Неге президент ойланбайды?. Бір нанды бөлісіп жүрген көршілерімізден айрылып қалдық.
Жергілікті билік тұрғындарға келтірілген материалдық шығын көлемін де анықтамапты. Оның үстіне, тұрғындардың тіркеуде жоқтығын сылтау еткен.
Гүлбаршын Тоқубаева, саяжай тұрғыны:
-Уақытша тіркеуіміз ғана бар. Болар іс болды. Ажалдан қашып құтылмаспыз.Бірақ халықтың мәселесін шешу керек, тіркеуі бар, басқарсы бар.
Ал жауаптылар бірінші кезекте Халықаралық авиация комитетінің қорытындысын күтуде. Тек содан кейін апат орнын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Оған дейін жұртқа қабырғасы қақырап, төбесі опырылуға жақын баспаналарында жанын шүберекке түйіп отырудан басқа амал жоқ сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!