Оңтүстікте шаруалар жекеге сатылған арықты мемлекетке қайтаруды талап етті
Жекеге өтіп, жем болғандар! Оңтүстік Қазақстанда мақтаралдық мыңдаған диханның ұшымшардан мұраға қалған арықтары жекеге өтіп кеткен. Салдарынан су бағасы да мың құбылып тұр. Шаруалар шағым айтып, құзырлы орындарға сан барса да, олар өздерің шешіңдер деумен келген. Сағы сынған жүз шақты шаруа бұл жолы тағы әкімдік алдына жиналды.
Автор: Бек Әбиев
19.01.2017
Қарасы қалың мына жұрт 5-10 гектар жеріне мақта мен қауын егіп жүрген екі ауылдың дихандары. Ұшымшардан қалған жер мен арықты пай үлесі ретінде алған олардың су жүйелері осыдан 7-8 жыл бұрын жеке қолға өтіп кеткен. Енді сол кооператив бағаны өзі қойып, 5 жылдан бері гектарына берілетін суды екі-үш есеге дейін қымбаттатып жіберіпті.
Талғат Ертуов, дихан:
-К-15 те К-17-ші каналдар тармағына және ішкі жалған құжат жасап, Әбдіров Жаппар жекешелендіріп алған. Сол жекешелендіріп алған тармақтардың барлығы халықтың жалпы шаруашылық мүліктік пайы.
2009 жылы мемлекет шетелдік инвесторлар есебінен мұндағы су жүйелеріне толық жөндеу жұмыстарын жасапты. Қазір сол жөндеуден мына дренаждар мен трансформаторлардың орны ғана қалған. Жеке кәсіпкерге жем болдық деген жұрт енді су арнасы мемлекет есебіне өтсін дейді.
Қайрат Айнабеков, дихан:
-К-15 пен К-17 арналарын сосын одан тараған тармақтардың барлығын мемлекетке өткізу. Сөйтіп, жыл сай арықтарын тазалап үкіметке өткізсін.
Жекеменшіктегі су жүйелері мемлекет есебіне өтсін деген қаулыны Үкімет 2012 жылы шығарған екен. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермеген. Соны жүзеге асыруы тиіс жергілікті билікке сабылып жүрген шаруалар бұл жолы тағы барды. Әкім тиісті мамандарды шақырып, құжаттарды алдыртпақ болғанымен, онысы табылмады. Қарамағындағылар әкімге қипақтап, әкім жұртқа не дерін білмей, ыңғайсыз хәлге түскен бұлар елдің шуына енді назар аударған сыңайлы. Жыр болғанына 6 жылдан асқан мәселені енді ғана шешеміз деп отыр.
Ғалым Исмайылов, Мақтарал ауданының әкімі:
-Қазір қ біреуі мемлекеттік акт бар дейді, біреуі Астанада дейді. Қазір барлығын талдаймыз. Мемлекеттік актіні қалай берілді, қайтіп берді? Түбін көріп тексеру керек.
Әбден абдыраған басшылар арықты қалай да мемлекет есебіне өткіземіз деп отыр. Ал жалған құжат жасалғандарды толық жазалаймыз деп сендіреді. Бірақ неше жылдан бері ауысқыш әкімдердің сөзіне иланудан қалған дихандар мәселе шешілмесе, түгелдей Астанаға барып арызданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!