Ақтөбеде спорт мектебінің ұжымы сабақты қойып бір-бірін сотқа сүйреп жүр
Ақтөбеде дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының ұжымы бір-бірін сотқа сүйреп жүр. Есет батыр атындағы білім ордасының басшысы бастаған 7 адам аспаздардың үстінен шағым түсірген. Өйткені асханадағылар бұған дейін балалардың ішер асына қатысты прокуратураға арыз жазыпты. Онда мектеп басшыларының мерзімі өткен азық-түлік сатып алып, кейде тіпті оқушылардың тамағына ортақтасатыны айтылған.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.01.2017
Жарты күнін спортзалда өткізетін бұл мектеп оқушыларының ауқаты да мықты болуы керек. Бірақ ондағы аспаздардың айтуынша, беретіндері ашыған сүт пен іріген ет.
Ұлболсын Смағұлова, мектеп-интернаттың бас аспазы:
-Спортшы боламыз деген балалар шіріген тамақ ішіп жатыр. Еттері дұрыс келмейді. Оның өзі өлген малдың еті сияқты, алла біледі.
Аспаздар 200 оқушының асына басшыларының да ортақтасатынын айтады. Күніне директордан бастап сондағы 22 қызметкерді түскі аспен тойдырып келген.
Гүлсім Наурызбаева, мектеп-интернаттың аспазы:
-Күніне 22 қызметкер тамақтануға келіп жүрді. Жұмысымызға кедергі келтіретін. Балалардың аузынан жырып соларға да ас береміз.
Ашынған аспаздар алғашқыда осыны айтып прокуратураға арызданыпты. Артынша тексеруге келгендер ешқандай кемшілік таба алмаған. Ал интернат директоры асханадағылардың айтқаны жала деп отыр.
Есенжан Мисин, мектеп-интернаттың директоры:
-Олар жала жауып отыр. Тамақтары жақсы. Жатқан жерлері жақсы. Ешқандай шағым түскен жоқ ата-ана мен бала жағынан.
Енді осы директор бастаған жеті адам әріптестерінің үстінен сотқа арыз түсірді. Құзырлы органдарға өздерін қаралады деп, бес аспаздан моральдық шығын өндірмекші. Ең қызығы асханадағылар да сүттен ақ, судан таза болмай шықты. Өйткені интернатта артылған азық-түлікті үйлеріне тасып жатқан жерлерінен ұсталған.
Маржангүл Өтемісова, мектеп-интернаттың мейірбикесі:
-Бұлар кешкісін тамақ ұрлай бастады. Тамақ ұрлағаннан кейін күзетті күшейттік. Картопты 10-15 келіден, 3-4 пакетке салып алған. ЖАйманы да алған. Сол күні ет асқан едік.
Былыққа батқан білім ордасы – тексерушілерден кенде емес. Бірақ санитарлардың келгені қағазда көрсетілгенімен, мұнда аяқ баспапты. Интернатқа енді солар жетпей тұр. Өйткені балалар арасында теміреткі дерті көбейген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!