Шаханда пәтер құны қымбаттап кетті
Шаханда жарылыс болған подьездегі отбасыларға пәтер алып беру жұмысы басталды. Апаттан анасы мен баласы көз жұмған Алексеенколар отбасына баспана Шахинск қаласынан алынды. Ал зақым келген пәтерлерін тастап кеткен 3 отбасы баспананы Шаханның өзінен тапқан. Қалғаны оны сатып алатын пәтер іздеп сабылып жүр. Бірақ табылғандарының кейбірінің бағасы қамқорлық кеңесіне ұнамай тұр.
Автор: Саят Сабдалы
20.01.2017
Жарылған подьездегі 2 бөлмелі пәтерін тастап кеткен Тамара Кириченко Шаханның шетінен мына үш бөлмелі пәтерді тапқан. Алайда 2 миллион 200 мың теңгеге бағаланған баспананы алуға қамқорлық кеңесіндегілер келіспей отыр. Ал Тамара кеңестегілердің бұл соманы неге қымбатсынып отырғанын түсінбейді. Мұнда тек екі терезе мен бөлмеаралық есіктерді жаңартып берсе қалғанын өзім істер едім дейді. Бастысы, бұл үйдің жертөлесінде қауіпті қазандық жоқ.
Тамара Кириченко, Шахан кентінің тұрғыны:
-Дербес жылу жүйесінен жүрегіміз шайлыққан. Одан да пәтер ішінде өзім-ақ мына пешті жағып отыра берейін. Бұл аудандағы пәтердің бағасы осы шамалас. Халықтың бізге жинаған ақшасын неге аяп отырғанын түсіне алмадым.
Расында, бүгінге дейін қорға түскен 76 миллион теңгені қамқорлық кеңесіндегі бес адам қызғыштай қорып отыр. Жұрттың тапқан пәтерін өздері де барып көріп, бағасын түсіруге де атсалысамыз дейді. Әзірге тек 4 отбасыға баспана алынатын болды. Пәтер тауып келген Тамара сияқты тағы 5-6 жанның мәселесі кейінге қалды.
Марат Дүйсекеев, қамқорлық кеңесінің мүшесі:
-Біз ақша аямаймыз, Шаханда сол пәтерлердің құны 2 жарым миллионнан аспайды. Мысалы, 2 жарым милионға пәтер алса, оған бір-екі миллионға жөндеу жасалса, Шаханда пәтер өте қымбат боп шығады.
Алайда, қыстың көзі қырауда Шаханнан пәтер табу оңай емес. Оның үстіне көбі бағаны шарықтатқан. Ал кеңестегілер халық жиған қаржыны зардап шеккендерге бөлуге асығар емес. Кеңесу керек дейді. Сондықтан мына подьездегі пәтерлерінен безгендер әлі біраз тентірейтін сияқты.
-Жарылыстан жартысы жарылып кеткен подьезд міне осы. Осыдан бір ай бұрын ғана ойнап-күліп жүрген марқұмдар мына есіктен пәтерлеріне кіріп шығып жүрген болатын. Бірақ қазір бұл есіктің орнына кірпіш қаланып тастаған. Құрылысшылар енді мына қабырғаның арғы бетін жылылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бірақ бүгін жұмыс тоқтап тұр. Себебі, олар да сол кеңестегі 5 адамға байланысты екен. Яғни, қабырғаны қаптайтын материал алуға қаражат бөлу керек. Құрылысшыларға әлі еңбекақы да төленбепті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!