Алматылық келіншек өгей баласын күйеуінен кек алу үшін өлтіргені анықталды
Күйеуінен кек алу үшін өгей баласын өлтірген! Алматыда осындай жантүршігерлік оқиға болды. Жеткіншекті өлтірді деген күдікпен қазір 5 бірдей адам - 37 жастағы өгей ана, оның бірінші некеден туған ұл-қызы және 2 сыбайласы қамауда отыр. Олар 11 жастағы Өркен Азаматұлын саяжайға алдап апарып, сол жерде азаптап өлтірген. Адуынды әйелдің мұндай әрекетке баруына күйеуімен арадағы кикілжің себеп болыпты.
Автор: Олжас Байжан
23.01.2017
Жайдары мінезді, сабырлы, оқу озаты болған Өркен Азаматұлының суреті бүгін ол оқыған мектептің кіреберісінде ілулі тұр. Шахмат пен теннис үйірмелеріне қатысып, сабақтан себепсіз қалмайтын жеткіншектің сыныптағы орны бос.
Әсем Әбди, Ө.Азаматұлының сыныптасы:
–Сабақты кілең беске оқиды. Ол Камила деген қызбен отырады. Бүкіл сабаққа қатысып, дайындалып, күніге 4-5 деген баға алып кетеді. Тәртібі де, мінезі де ашық, достарының арасында бар сырларын бізге айтады. Жақсы араласады бізбен.
Жеткіншек сыныптастарымен жақсы араласса да, отбасындағы қиындығы жайлы тіс жармаған. Екі жасында әке-шешесі ажырасып, әжесінің қолында тәрбиеленіпті. Кейін әкесі 2 баласы бар келіншекпен көңіл қосқан.
Бейбітгүл Демеуова, №67 мектеп директоры:
–Баланың отбасылық жағдайымен біз таныспыз. Әкесі, әжесі үшеуі бірге тұратын. Ал өзінің анасы бөлек тұрады. Өгей шешесі туралы бізге ешқандай мәлімет берген жоқ. Сондықтан біз әкесі мен әжесімен ғана байланыстамыз.
Мәліметтерге қарағанда, 37 жастағы сол өгей шеше Өркеннің әкесімен жанжалдасып қалып, өшін баладан алыпты. Тіпті, ол үшін Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын бірінші некеден туған 20 және 22 жастағы ұл-қызын және олардың досын шақыртқан. Осы үшеуі бірнеше күн бойы баланы аңдыпты. Ал 19-қаңтар күні мектептен шыққан Өркенді көлікке алдап мінгізіп, қала шетіндегі саяжайдың біріне апарған. Сол жерде жеткіншекті буындырып, артынша 7 мәрте пышақ салған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
–Бірнеше сағаттан кейін баланы өлтіреді. Тұншықтырып және денесімен бірнеше пышақ жарақаттарын салып өлтіреді. Қылмыстың ізін суыту үшін оның денесін сол жақтағы үйдің төменгі қабатында көміп тастайды.
Оларды саяжайға апарған көлік жүргізушісі де сыбайлас ретінде ұсталған. Өшікке өгей шеше бұларға Өркеннің өлімі үшін 100 мың теңге берген екен. Соны алып, Шымкентке із суытпақ болған сыбайластар қаладан шыға берісте қолға түсіпті.
Қазір жантүршігерлік қылмыс бойынша қамауға алынған 5 сезіктінің әрқайсысы қандай әрекетке барғандығы тергелуде. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары бірнеше сот-медициналық сараптама қорытындысын күтуде. Оның нәтижесі бойынша, осындай айуандыққа барған келіншектің ақыл есінің дұрыс-бұрыстығы анықталуы тиіс. Ал өгей шешесінің қолынан қаза тапқан Өркен Азаматұлының денесі бүгін ақтық сапарға шығарып салу үшін туған жері – Алакөл ауданына жіберілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!