Бигелді Ғабдуллин сот залынан босатылды
Әкім-қаралардан ақша бопсалады деп айыпталған Бигелді Ғабдуллин бостандыққа шықты. Бірақ бұл «Central Asia Monitor» газеті мен Radiotochka.kz сайтының басшысы біржола ақталды деген сөз емес.
Автор: Диас Нұрақын
24.01.2017
Бүгін сот үкімімен танымал журналистің 5 жылға бостандығы шектелді. Яғни осы аралықта Бигелді Ғабдуллин жұмыс орны мен мекен-жайын өзгерткен жағдайда әрдайым тиісті орындарға хабарлап, есеп беріп отыруы тиіс. Тіпті жаза мерзімі біткенше шекарадан да шыға алмайды. Бұдан бөлек он жылға дейін қандай да бір басшылық қызмет атқаруға құқығы жоқ. Екі жарым айдан бері қамауда отырған журналист осы де үкімге дән риза. Себебі түрмеге түспес үшін ол бұған дейін өз кінәсін толық мойындап, заңсыз жолмен алған 22 миллион теңгені зардап шеккендерге қайтарып берген. Белгілі журналист басылымдарына сыни мақалалар жазамын деп қорқытып, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері мен Энергетика министрлігінен ақша бопсалады деп айыпталған болатын.
Бигелді Ғабдуллин:
-Басыма іс түскенде қолдау білдіріп, жанымнан табылған достарыма, әріптестеріме алғыс айтамын. 2 жарым ай түрмеде жатып, ол жердің қандай қиын екенін сезіндім. Сондықтан бұл маған үлкен өмірлік сабақ болады деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!