Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты болды
«Самара-Ташкент» күре жолында жолаушы толы шағын автобус пен УАЗ соқтығысқан. Салдарынан 12 адам түрлі жарақат алып, солардың бірі ауруханада тілге келместен көз жұмды.
Автор: Олжас Байжан
24.01.2017
Жол апаты бүгін таңғы сағат ондар шамасында Самара-Шымкент тас жолында болды. Орал-Ақжайық бағытындағы автобус жолаушыларды алып, қаладан шығып келе жатыпты. «Газель» жүргізушісінің айтуынша, қарсы бетте келе жатқан УАЗ кенеттен оның алдынан шыға келген.
Марат Таңатов, микроавтобус жүргізушісі:
-Ол маған қарай бұрып жіберді. Мен соққыдан қашып, қарсы бетке бағыт алдым. Тоқтауға қанша тырыссам да, кеш болды. Куәгерлердің барлығы оның қатты мас екенін көрді.
УАЗ жергілікті шаруа қожалықтарының біріне тиесілі екен. Ал тізгінінде болған азамат жарақаттанып жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Ол апат себептерін басқаша түсіндіруде.
Марат Хайруллин, УАЗ жүргізушісі:
-Қысқы дөңгелек керек, жолдың бәрі көкмұз деп талай рет айттым. Ақша жоқ, дөңгелек қымбат дейтін. Бәріне жазғы дөңгелек кінәлі.
Апаттан жалпы саны 11 адам зардап шекті. Соққының қатты болғаны сонша, УАЗ бүктеліп қалған. Бұл көліктің ішінде болған жолаушы ауыр жараланып, бірден есінен танып қалыпты. Кейін тілге келместен ауруханада көз жұмды.
Ақылбек Бақаев, облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі:
-Алған жарақаттары тым ауыр. 5 адам травматология, нейрохирургия және жалпы хирургия бөлімдерінде ем қабылдауда. Қалған алтауы тексеруден өтіп жатыр.
Қазір тәртіп сақшылары апат себептерін анықтауда. Айта кетейік, бұл – облыс бойынша жыл басынан бері тіркелген ірі 16 жол апатының бірі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!