Оралда көлік нөмірі таусылып қалды
Көлікке берер нөмір жоқ! Оралдың әкімшілік полициясы жүргізушілерге жаңа мемлекеттік нөмірлерді беруді уақытша тоқтатып тастады. Өйткені таусылып қалған. Енді жаңа тапсырыс жеткізілгенше күтуге тура келеді. Бірақ бұнысы көлік жүргізушілерінің наразылығын тудыруда.
Автор: Олжас Байжан
26.01.2017
Василий Турышев, көлік жүргізушісі:
-Бұл – барып тұрған бассыздық! Неге дейсіз ғой?! Себебі, біз өз уақытымызды құртамыз, жұмыстан сұранамыз. Сөйтіп, жүйкеміз жұқарады.
Жүргізушілер бұл жағдай кеш тапсырыс бергендіктен болды ма, әлде кінә уақытылы жеткізбегендерде ме, соны білмей дал. Бірақ кейін анықталғандай, көліктерге берілуі тиіс жаңа мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жеткізу ауа-райының қолайсыздығына байланысты екен. Олар осы уақытқа дейін жолда келе жатқан көрінеді. Ал әкімшілік полиция басқармасындағылар әзірге қолдарынан келгенше жұрттың көңілін табуға тырысуда.
Алмат Ысқақов, БҚО ІІД ӘПБ инспекторы:
-Қазір көліктер тіркеуден алынып, оларға транзиттік нөмірлер берілуде. Ол 10 тәулікке жарамды. Біз де тапсырыс берілген мемлекеттік нөмірлердің тез арада келуін асыға күтіп отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!