Универсиада алауының эстафетасы аймақтарда ерекше өтуде
Кеше Астанада Президент жастардың дүниежүзілік спорт додасының басты символын өзі тұтатып берген еді. Енді үш күн бойы әр облыс осы үрдісті іліп әкетуі тиіс. Бұл шараны өңірлер арасынан шығыс пен солтүстік және орталықтағылар бастады. Қарағандыда алауды көмірмен тұтатса, шырақты керекуліктер шанамен алып өтті.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.01.2017
Әр өңір эстафетаға өздеріне тән бір белгі қосыпты. Мысалы, керекулік спортшылар солтүстікше хаски тұқымды иттерін шанаға жеккен. Кейбірі тіпті қысқы велосипедтерін сайлап алған. Сол көліктерімен алауды мұз айдыны сарайындағы хоккейшілер мен мәнерлеп сырғанаушыларға табыстады.
Алуа Сәдуова, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Осындай әлемдік деңгейдегі жарыстарды кез келген ел өткізе алмайды. Сол себептен елімізге таңдау түскеніне өте қуаныштымын. Еліміз қаншалықты дамыған екенін тағы да бір рет көрсетпек
Ал Қарағандыда алауды жағуға облыс бренді – көмірді пайдаланған. Оны Теміртаудағы металлургиялық комбинаттан тұтатып, қызып тұрған күйі облыс орталығына жеткізіпті. Онымен спортшылар он бес шақырым жерді жүріп өтті. Бұл аймақта эстафета үшін спортшыларды киіндіріп, осы салтанатты ұйымдастыруға жергілікті қазынадан 36 миллион теңге жұмсалған.
Көлігі аз қала саналатын Қызылжарда жүргізушілер жол бойында нағыз кептеліске тап болды. Осы эстафета үшін бүгін орталық көшелердің көбінде қозғалыс тоқтатылды. Ал алауды бірінші болып ұстау жеңіл атлетші Маргарита Мұқашеваға бұйырса, оны Алматыға дзю-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Назгүл Маратова жеткізеді. Шыраққа қолы тиген мұндағы спортшылардың бәрі қуанышты.
Мирас Бірімжанов, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы:
-Мен өзім де талай халықаралық жарыстарға қатыстым. Мемлекеттен қолдау көрсетілуде. Спорт сарайлары салынып жатыр.
Ал еліміздің батыс аймағындағылар универсиада алауын ертең тұтатады. Ақтөбеліктер спортта сымбатымен танымал болған Сәбина Алтынбековаға бұл шараға қатысуды өтінген екен. Бірақ ол бас тартыпты. Айта кетелік, әр өңірден жеткізілген 16 алауды Алматыда жексенбі күні бір тостағанға біріктіреді. Оны оңтүстік астанада жүз адам көтеріп өтпек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!