Алматы облысында ашынған жұрт тарифті арзандатуды талап етті
Алматы облысындағы Қарабұлақ ауылының тұрғындары наразылық білдірді. Олар жергілікті биліктен шарықтап кеткен жылу тарифін түсіруін талап етіп отыр. Айтуларынша, жергілікті мекемелер оны екі есеге заңсыз көтеріп жіберген. Оның үстіне, үйлеріне орнатылған есептегіш құрылғылар қате есептейтін көрінеді. Ал мамандар мұның барлығын жоққа шығарып, жылу құнын амалсыз көтергенін айтуда.
Автор: Ұлан Нұрахмет
30.01.2017
Ақша үнемдеймін деп сан соққандардың бірі – Елизавета Кроних. Өткен жылы мамандардың кеңесімен үйіне жылу есептегіш құрылғы орнатқан екен. Осылайша, зейнеткер ақша үнемдеп, артылғанын бала-шағасына бермек ниетте болған. Енді өзі оларға алақан жаюға мәжбүр. Себебі, 100 шаршы метр баспанасына бір айға 27 мың теңге төлем түбіртегі келеді.
Елизавета Кроних, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
-Басында «жылу қымбат, есептегіш құрылғы тұрса, аз төлейсіз» деп айтқан. Мен бұған сеніп қалдым. Енді ұялмастан халық саны аз, сондықтан көтердік дейді. Бұл деген масқара ғой. Бір айға келген төлем түбіртегін көргенде, жүрегім ұстап қала жаздады.
Дәл осы жағдай Қарабұлақ ауылы тұрғындарының жартысына жуығының басында бар. Ашынған олар мамандардан тез арада жылу құнын түсіруді талап етіп, орталық қазандыққа бас сұқты.
Тамара Глумова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
-Зейнетақымыз 38 мың теңге. Су, жарық қымбаттады. Оның 10 мыңын дәріханаға бересің. Сонда өзімізге не қалады? Мен құрлыста істеп, 4 бөлмелі пәтер алған едім. Енді оны сатып, шағын үйге алмастырудан басқа амал қалмай барады.
Ал жылу бағасына жауаптылар «халық бізді түсінуі керек» деп ақталады. Себебі, мекеменің кірісінен гөрі шығыны шаш етектен. Сондықтан тарифті көтеруге мәжбүр болыпты.
Сергей Ануфриев, «Қарабұлақ жылу» МКК бас инженері:
-Біз тұтынушыларымыздың 80 пайызына есептегіш құрылғы орнаттық. Ондағы көрсеткіштерге сенеміз. Ол еш нәрсені қате есептемейді. Ал тарифті көтергеніміз рас. Өйткені мекемедегі техникаларға жанармай алуымыз керек. Жұмысшылардың жалақысын төлейміз.
Бүгінде бұл ауылда 40 мың тұрғын бар. Олардың жартысынан көбі орталық жылу жүйесіне қосылған. Өткен жылы, бір гекакалорияға 2800 теңге төлесе, биыл ол 5800 теңгені құрап отыр. Тарифті бақандай 100 пайызға заңсыз көтерді деген жұрт енді облыстың атқамінерлерінен араша сұрамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!