Таразда мейрам күні үстіне баннер құлаған сарбаздың анасы әкімдікті сотқа бермек
Таразда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталған күні желдің кесірінен үстіне баннер құлап ауыр жараланған сарбаздың анасы қала билігін сотқа бермек. Айтуынша, баласының басына қатты зақым келгендіктен мүгедек болып қалуы мүмкін. Ал науқастың ем-домы біткенше көмек көрсетуге уәде еткен шенеуніктер сол күйі хабарсыз кеткен. Бұған ашынған әйел енді атқамінерлерден материалдық шығын өндіруді көздеп отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
01.02.2017
Любовь Марьясова Таразға Степногордан бір жарым ай бұрын келген. Содан бері үстіне банер құлап өлім аузынан қалған перзентінің жанында жүр.
Любовь Марьясова, Юрий Дылюктің анасы:
-Оқиға әкімдік ұйымдастырған шара кезінде болды. Осы жағдай үшін біреуі жауапқа тартылуы керек. Менің баламды 6-шы қаңтарда ауруханадан шығарып жіберген. Балам сауығып кеткенше көмек береміз деген, бәрі өтірік. Енді мен матералдық шығын өндіру үшін шенеуніктерді сотқа беремін.
Любовь Марьясова баласының мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтады. Өйткені басында ісік пайда болған. Естеріңізге салсақ, өткен жылы желтоқсанның 16-да Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада желден құлаған баннер бір жергілікті тұрғын мен үш сарбазды басып қалған. Соққыдан миына зақым келген Юрий Дылюк содан бері оңалмапты.
Юрий Дылюк, 55/13 әскери бөлімінің сарбазы:
-Әскери борышымды өтеу мерзімім аяқталды. Келісім-шарт бойынша әлі алты ай жұмыс істей алмаймын. Сондықтан үйге барып емделемін. Сосын тағы комиссиядан өтіп жұмысқа орналасып көремін. Әскери қызметкер болуды армандаушы едім, енді білмеймін.
Ал әскери бөлім басшылығы сарбаздың арманымен қош айтысуына әлі ерте дейді. Өйткені, алдымен комиссия қарау керек. Ал оның қорытындысы жуырда белгілі болмақ.
Бекен Исабеков, 55/13 әскери бөлімі медициналық қызметінің бастығы:
-Неге десеңіз, бұның жарақаты келмейді. Ешқандай сынған жоқ біріншіден. Екіншіден есі ауысқаны ұрғаннан кейін есінен тану уақытша ғана болды.
Ал шенеуніктер жапа шеккендерге бар жағдай жасадық деп сендіреді. Айтуларынша, тіпті анасының ұшаққа кеткен шығынын төлеп, оны 20 күн пәтерде тегін жатқызған.
Кенжебек Олжабай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
-Дәрігерлер тарапынан, біздің тарапымыздын көмек көрсетілді. Енді ары қарай қызмет етіп жатқан орны мен министрлік шешім қабылдайды. Алты айлық ем-домы бар емес пе? Оған біз қатыспаймыз, оны санитарлық емхана шешеді.
Айта кетейік, құлаған баннерді денесімен тосып, өзгенің жаны үшін басын бәйгеге тіккен үш сарбазға екінші дәрежелі «Қайсар» төсбелгісі берілген. Бірақ сол батыр ұлдардың бірі – Юрий Дылюктің жағдайы ескерусіз қалды дейді анасы. Ал орталық алаңда болған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары